Талдықорғанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Таза аула» байқауының жеңімпазы анықталды. Көпқабатты үйлердің тұрғындары акция аясында тек сенбіліктерге қатысып қоймай, өз аулаларын абаттандырып, тал егіп, гүл отырғызып қаланың жалпы келбетін көрікті етуге өз үлестерін қосып келеді.
Акция аясындағы байқауға қаланың бес шағын ауданынан 15 көпқабатты үй тұрғындары қатысты. Олар көктемнен бері өз аулаларын күтіп баптап, гүлзарлар орнатып, ағаш отырғызып, түрлі шағын сәулет формаларын жасап ерекшеленуге тырысты. Биыл «Мұхит» меншік иелерінің бірлестігі үздік атанып, қала әкімшілігінің арнайы марапатына ие болды.
Татьяна Ибрагимова, Меншік иелері бірлестігінің төрайымы:
Біз аулаларымызды белгілі бір байқауға қатысамыз деп таза ұстамаймыз. Әр кіреберіс, ойын алаңы болсын, демалыс орны, тіпті қоқыс төгетін орнымызды үнемі таза ұстауға тырысамыз. Тұрғындар да өте белсенді. Сенбілікке шығу, аула сыпыру, ағаш отырғызу оларда да дағдыға айналған десе де болады.
Облыс орталығында мұндай байқаулар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Басты мақсат шаһар тұрғындары арасында экологиялық мәдениет қалыптастырып, тұрғындардың қала тазалығына деген жауапкершілігін арттыру.
Мақсат Саданов Қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:
Жеңімпаздарды біз дауыс беру арқылы анықтаймыз. Әрбір пәтер иелері кооперативі немесе меншік иелері бірлестігі қала әкімдігінің сайтына аула суреттерін жіберіп отырады. Одан кейін қала белсенділері арасынан комиссия құрылып, аралап шығады. Жыл соңында үздік аула анықталады. Бұл жолы Ләззат Асанова көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй үздіктер қатарынан көрінді.
«Таза Қазақстан» акциясы халықтың санасын оятып, әр азаматтың туған жеріне, өзі тұрып жатқан көшесіне, ауласына деген сүйіспеншілігін арттырды дейді тұрғындар. Ал Талдықорғанның атына заты сай болуына шаһардың әрбір белсенді азаматы өз үлесін қосуға тырысуда.
Қуаныш Қанатұлы