Алматыда Қазақстан мен Ресей еріктілер ұйымдарының слеті өтті. Шара Ресей Президентінің елімізге мемлекеттік сапары қарсаңында ұйымдастырылған. Шараның мақсаты – екі елдің еріктілер қозғалысын дамыту бойынша тәжірибе алмасу. Танымдық дәрістер мен семинар-тренингтер де, өтеді. Жиында елдегі мемлекет пен волонтерлік қауымдастық арасындағы серіктестіктің маңыздылығы айтылды. Мемлекеттік органдар жыл сайын еріктілер қауымдастығымен бірлесіп 50-ден аса жобаны жүзеге асырып, бастамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді. Бүгінде республика бойынша 240 мыңнан аса белсенді волонтер бар. 740 еріктілер ұйымы мен мыңнан аса бастамашыл топ жемісті жұмыс істеп келеді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер қызметіне үлкен көңіл бөліп келеді. Әсіресе, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударады. Бүгін біз Қазақстан мен Ресейдегі волонтерлер қозғалысы шығармашылық күшке айналып, мейірімді азаматтардың жұдырықтай жұмылуының жарқын үлгісіне, халықтар арасындағы байланыстарды нығайтатын, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ететін қозғалысқа айналды деп сеніммен айта аламыз.