Қазақстан келешекте үлкен академиялық хабқа айналады. Қазірдің өзінде шетелдің алдыңғы қатарлы 24 жоғары оқу орны елімізде филиалдары мен кампустарын ашқан. Келер жылы Ресейдің тағы екі бірдей жоғары оқу орнының филиалы жұмысын бастайды. Сондай-ақ Ресейде де Қазақстан университетінің филиалы құрылмақ. Жалпы қазір екі елдің білім беру саласындағы байланысы нығая түскен. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.
Астанадағы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде қазір 600-ден астам студент білім алады. 2001 жылы Еуразия ұлттық университетінің базасында ашылған филиалдан бүгінге дейін 2500-ден астам түлек шыққан. Олар қазір еліміздің түрлі мекемелерінде табысты қызмет етіп жүр.
Алтай Оразбаева, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандағы филиалының кафедра жетекшісі:
Қазақстан филиалында білікті, білімді әрі сапалы мамандар даярланады. Бұл әрине Мәскеу мемлекеттік университетінің үрдестері негізінде, бірақ өзіндік ерекшеліктер бар. Негізінен бес мамандық бойынша, атап өтетін болсақ, математика, қолданбалы математика, информатика, филология, экология мен экономика салалары бойынша мамандар оқытылады.
Оқу орнының бір ерекшілігі – Қазақстандағы филиалға Ресейден түрлі профессорлар мен білікті оқытушылар келіп сабақ береді.
Ясмина Сүлейменова, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандағы филиалының студенті:
Себебі ол тек қана Мәскеуде ғана емес, бүкіл әлемде танымал университеттердің бірі. Мысалы ТОП 100-де тұр. Ол өте сондай жақсы көрсеткіш деп айтамын.
Қазір елімізде Ресейдің 4 ЖОО филиалы жұмыс істеп тұр. Онда мыңнан астам студент математика, химия, мұнай-газ және инженерия саласының қыр-сырын меңгеріп жатыр. Келер жылы елімізде тағы екі бірдей ресейлік университеттің филалы жұмысын бастамақ. Сондай-ақ Ресейде де Қазақстан университетінің филиалы құрылады.
Рауза Мендалиева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің басқарма басшысы:
Келесі жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласында филиал ашады. Соған қазір дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Екі жақ келіссөздер жүргізіп жатыр, қандай бағдарлама бойынша бала оқытатыны жайлы Ресеймен келісіп жатыр.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанды жақын болашақта академиялық хабқа айналдыру көзделіп отыр. Мақсат – елдегі білім беру саласын көтеріп, сапалы маман даярлап қана қоймай, экономикалық жағынан пайда көру.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Қазірдің өзінде шетелдің алдыңғы қатарлы 24 жоғары оқу орны елімізде филиалдары мен кампустарын ашқан. Оған қоса, 5 мыңнан астам университетпен студент алмасу бойынша келісімшарт жасалған. Оның 1400-і Ресейдің жоғары оқу орны. Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде 58 мың қазақстандық Ресейде білім алса, 3 мыңнан астам ресейлік студент Қазақстанда оқиды.
Нұрсұлтан Тілектес