Алматыда ұлт ұстазы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мол мұрасына арналған «Ахмет. Алаш ардақтысы» кітабы таныстырылды.
Жаңа еңбек «Менің Қазақстаным» сериясы бойынша жарық көрген. Онда қайраткердің өмірі, қызметі, Ұлт ұстазы келбетіндегі азаматтығы мен ұлтсүйгіштігі жайлы жылы естеліктер жазылған. Кітап авторы – Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет. Еңбек ұлы ағартушының озық идеялары мен ұстанымдарын, ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күресін терең түсінуге мүмкіндік береді дейді ахметтанушы ғалым. Туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық кітап және полиграфия көрмесі аясында оқырман назарына ұсынылды.
Әділет Ахметұлы, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері:
Кітаптың тағы бір құндылығы – бұған дейін Ахмет туралы кітаптарға енбеген, біраз жаңа ақпараттар, құнды материалдар бар. Ахмет туралы кітаптар жазылмай жатқан жоқ, жазылып жатыр. Ахмет – өте сан қырлы ғалым. «Алматыкітап» баспасы мен Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бірлесе отырып жасаған үлкен көлемді еңбек десе болады.
Жазира Оразқызы