Сенат республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды

21.11.2024

Алдағы үш жылда бюджеттен бөлінетін қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаларға жұмсалады. Бүгін Сенат 2025-2027 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы заң жобасын қарады. Құжаттың түрлі сатыда талқыланып жатқанына бірнеше ай болған. Барлық саланың орташа шығыны есептелген. Дегенмен Сенат үкімет пен Мәжілістің шешімімен келіспей, заң жобасын кері қайтарды. Қандай өзгерістер енгізілгенін Оңғар Алпысбайұлы айтады.

Келер жылы ел қазынасына түсетін қаржы 1,2 трлн теңгеге өсіп, 21,7 трлн теңгеге жетеді. Үкімет осындай болжамды жоспар түзген. Соның негізінде түрлі салаға бағытталатын қаржының көлемі де анықталды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Мәселен, 2025 жылы әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл жалпы шығынның 38%-ы. Былтырғымен салыстырғанда 871 млрд теңгеге көп. Білім беруді дамыту шығындары 1 трлн теңгеден асады. Алдағы 3 жылда денсаулық сақтау саласына 7,6 трлн теңге қарастырылса, оның 2,5 трлн теңгесі келер жылы игерілмек. МӘМС-ке 675 млрд теңге бөлінетін болды. Туризм мен спортты дамытуға 141 ал мәдениет пен ақпаратқа 165 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Келесі жылы өңірлерді қолдауға республикалық бюджет есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді.

Бұл Сенаттың бекіткен нұсқасы. Депутаттардың қайта есептеуінің нәтижесінде өңірлерді дамытуға 400 млрд теңгеге көп бөлінетін болды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Сенаторлар өңірлердің өкілдері ретінде жергілікті мәселелерді шешуге арналған жаңа ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда ауыл тұрғындарын таза және қолжетімді ауыз сумен қамтамасыз етуге жобаларды жүзеге асыру үшін Республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінетін болады. Сонымен қатар «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауылдық аймақтардың инфроқұрылымын жақсартуға қосымша қаражат қарастырылды.

Осылайша Республикалық бюджеттің шығыстары 26 трлн теңгеге жуықтайды. Әлеуметтік саладан бөлек, экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды дамытуға да ерекше ден қойылмақ. Отандық өндірушілерге мемлекет тарапынан несие, субсидия сияқты қаржылай ғана емес, тауарларына нарық ұсыну түрінде де көмек көрсетіліп жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Біз қазір тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың тізбесін 1,5 мыңнан 4,5 мыңға дейін тауарлық позицияға жеткіздік. Осы шаралардың нәтижесінде биылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың саны 55 пайызға өсті. Яғни осы келісімшарттардың жалпы соммасы 350 млрд теңгеге дейін жетті.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдеріне бюджеттен бөлек көздерден ақша тартамыз деп отыр үкімет мүшелері.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Әрине, менің ойымша 2,1 трлн даму бюджеті бұл көп ақша емес. Бірақ мүмкіндігіміз осындай. Бірақ оның сыртында әртараптандыру үшін басқа да көздер бар. Резервтер бар. Ол бюджеттік емес инвестициялар. Біз енді жұмыс істеп жатырмыз. Жаңағы айтылған ірі жобалардың барлығы осы жобалардың экономикасына байланысты жобалардың қаржылық эккономикалық модельдеріне байланысты бюджеттік емес инвестициялар көлемінен қаржыландырылатын болады.

Төменгі палата бекіткен заң жобасына Сенат барлығы 135 түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Депутаттар қараған екінші заң жобасы бойынша Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңге алынатын болды. Бұл құжатты парламент мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді.


Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу