Қызылорда облысында сан салада алға ілгерілеушілік бар. Аймақтың бюджеті еселеп ұлғайып, биыл 744 миллиард теңгеден асты. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жайында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг беріп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
Сыр өңірінде соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлық жобалар көбейді. Әсіресе, инвесторлардың есебінен салынған нысандар бойынша өзгелерден озық тұр. Соның ішінде құны 35 миллион АҚШ долларын құрайтын жаңа әуежай терминалы жуырда ел игілігіне берілді. Тағы бір маңызды жоба – түрік компаниясы өз қаржысына заманауи газ турбиналық жылу-электр орталығының құрылысын қолға алды.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Президентіміздің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мВт құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы салынуда. Бүгінде инвестор жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Келер жылы ел игілігіне табысталады.
Халықтың өмір сүру сапасын, тұрмысын жақсарту мәселесі де жергілікті биліктің ұдайы назарында. Бүгінде облыс тұрғындарының 98,6 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған, ал табиғи газбен қамту көрсеткіші 75 пайызды құрайды және бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар жалғасуда.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жоба құны 26 млрд 200 млн теңге. Келесі жылу беру маусымында қаламыз толық ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 306 шақырым газ желілері салынуда.
Арал мен Жаңақорған аудандарында тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, теміржол үстінен өтетін аспалы көпір салынып жатыр. Ал қалада шойын жолдың астымен автокөлік өткелін салу жобасы қолға алынды.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға биыл облыста қомақты қаржы қаралды. Бір ғана қаланың өзінде жүзге жуық көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ көлік көп жүретін 4 даңғыл жол кеңейтіліп, кептеліс мәселесі де шешімін табуда.
Әділбек Серікұлы