Атырау қаласындағы мал базарларының бірінде өлген малдан сібір жарасы анықталды. Қазір базарда мамандар тексеріс жүргізіп жатыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
12 қараша күні мал базарының қызметкері көршілес БҚО-дан әкелінген сиырдың өліп жатқанын байқаған. Содан төрт күн өткеннен кейін ветеринария мамандары сынама алып, сараптамаға жіберген. Базар содан бері жұмысын тоқтатты. Іште малдары қалған кәсіпкерлер қазір наразылық білдіріп жатыр. Олар бірнеше күннен бері осы жерде жүргендерін айтады. Төрт-түліктерінің мұнда тұрғанына бір жетіден асқан. Бұл өз кезегінде қалтаға да оңай соқпай тұр дейді. Кәсіпкерлерден сұқбат жазып алған едік. Тыңдап алсақ.
Айдос Сайфеденов, кәсіпкер:
Ауру болатын болса бәрінікі соның қасында тұрған өлмей ме? Адам ауырмай ма одан. Ана жақтан анықтама береді. Қарап бермей ме малына, біздің қандай кінәміз бар?
Махамбет Мақатов, кәісіпкер:
2 аптаға жабамыз деп жатыр. Жабылғасын жем-шөбін кім береді. Жауып жатқан адамға айтсақ, жауап бересіңдер ме десек, жоқ дейді. Оның бәрі бізге шығын.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Ал әкімдіктегілер жауап беруге асықпады. Бір-біріне сілтеп біраз жүрді. Мамандар сібір жарасы анықталғанын растады. Қорытынды бүгін шыққан. Ауру малдың өлексесін өртеп, көзін жойған. Базарда қазір 56 сиыр, 79 ұсақ мал, 7 жылқы бар. Қазір оның барлығы тексеріліп жатыр.
Нұркен Баяров, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушы:
Қазір жабылды, толықтай вакцинация жасалып, 14 күн бақылауға алынады. Сосын дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Қала карантинге жабылмайды. Басқа жерден ондай індет анықталған жоқ.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Бұдан бөлек санитар мамандар мал иелерін де тексеріп жатыр. Қалада ауқымды 5 мал базары бар. Олар да жақын арада толық тексеріліп, дезинфекцияланбақ.
Нұрсұлтан Нұрсейіт