Атырау облысындағы Индер-Мақат теміржол желісі әбден тозып тұр. Бұл маңызды транзитпен тұз, гипс, қиыршық тас, галит және т.б. өндіріс материалдары тасымалданады. Ескі жолмен жүк тасымалдау қиындап бара жатқандықтан, кәсіпкерлер өнім көлемін де еселей алмай отыр. Өңірдегі әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт жағдаймен танысып қайтты.
Жалпы ұзындығы 160 шақырымдық Индер-Мақат теміржолы 37 жыл бұрын қолданысқа берілді. Содан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Оның үстіне сол кездің өзінде құрылысқа ескі материалдар пайдаланылған.
Берік Иманғалиев, «Индер теміржол» ЖШС директоры:
Иелік еткен мекемелердің 35-40 мың шпал ауыстырды дегеннің өзінде де бұл 20 пайызға жетпейді. Бұл теміржолдың шыдап тұрғаны совет үкіметіндегі кезіндегі шпалдардың сапалы болуынан.
Заңдылық бойынша теміржол астына қиыршық тас төселуі тиіс. Ал мұнда топырақ эрозияға ұшырап, рельстерді бүлдірген. Белгіленген жылдамдық сағатына 40 шақырым болуы керек. Жолдың тозуына байланысты машинистер жылдамдықты 30-дан да асыра алмайды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Бұл теміржол арқылы 3 алпауыт компания өз өнімін тасымалдайды. Соның бірі мынау тұрған тұз өндіру зауыты. Жылына 100 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Егер теміржол мәселесі өз шешімін табатын болса онда өнім өндіру көрсеткіші екі есе артады.
Бұл компания тұтас елді техникалық және ас тұзымен қамтамасыз етеді. Жұмыс қызу. Бірақ өнімділікті арттыру үшін транзиттің шешілмеуі тосқауыл болып тұр.
Ерболат Рахметов, тұз өндіру компаниясының атқарушы директоры:
Вагондарымыздың барлығы Индер теміржолы және Мақат станциялары арқылы өтеді. Жол мәселесі біздерге кедергі боп тұр. Көрсеткішке әсер етіп тұр.
Мүлік иесі екеу. Бірі «Атырау техникалық байқау компаниясы» серіктестігі 52% иелік етеді. Ал қалған үлес «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі. Теміржолды жөндеу үшін 2022 жылы қаражат бөлінгенімен, ол тек қауіпті жерлерін ғана бүтіндеуге жұмсалған.
Вадим Құлмағамбетов, «Индер-Мақат теміржолы» ЖШС директоры:
Станцияда жүк тұратын жерлер 15 шақырымды құрайды. Соның бәрінеде жөндеп жатырмыз. Қауіпті жерлерін шпалын, рельстерін ауыстырып жатырмыз. Қазіргі уақытқа дейін қанша қаражат бөлінді сол қаражатқа барлық жұмысты істеп тастадық.
Толық күрделі жөндеуге қыруар қаражат керек. Ал теміржол иелері қол қысқа дейді.
Нұрлан Қаппазов, «Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Ол үшін теміржолды күрделі жөндеу үшін миллиардтаған қаражат керек. Оған қаражатты қайдан шығара аламыз біз.
Қаражат мәселесі жуық арада шешілмейтін сыңайлы. Сондықтан, кәсіперлерге тозығы жеткен теміржолмен қатынаудан басқа жол жоқ.
Нұрсұлтан Нұрсейіт