«Қазақмыс» Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінде жұмыс істейтін әйелдердің үлесі бойынша көш бастап тұр. Бұл туралы Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдері Кеңесінің Бас Ассамблеясының 3-отырысында және түркі әлемі кәсіпкер әйелдерінің бизнес-форумында айтылды. Компаниядағы әйелдердің үлесі 27%-ға жеткен. Бұл өнеркәсіп саласының барлық ұйымдарының арасындағы ең үлкен көрсеткіш.
Инженер Роза Жаналинова кәсіпорында 16 жыл бойы еңбек етеді. Оның айтуынша, салада қыз-келіншек қатары артып келеді.
Роза Жаналинова, Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің жетекші инженері:
Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 16 жыл болды. Жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрине, өз қиыншылықтары бар. Дегенмен, жұмысым өзіме қатты ұнайды. Негізі бұл ер адамдардың жұмысы ғой деп жатады. Бірақ мамандық олай бөлінбейді. Мәселен, ортамызда әйелдер қауымы артып келеді. Барлығы өз ісінің кәсіби маманы.
Ал, «Maker» серіктестігінің коммерциялық директоры Светлана Алексеева, 15 жылын машина жасау саласына арнаған. Еңбек жолын қатардағы қызметкерден бастап, кәсіпорынның коммерция жөніндегі директорына дейін өскен.
Светлана Алексеева, «Maker» ЖШС коммерциялық директоры:
Тәжірибем арқылы әйелдің қайсарлығы, табандылығы және белгілі бір кәсіби дағдылары болса, машина жасау сияқты салада да нәтижеге қол жеткізе алатынын түсіндім. Машина жасау кәсіпорнындағы әйелдің рөлі – бұл тек жұмыс ғана емес, біздің саланың болашағына қосқан үлесіміз.
Елдегі еңбек нарығында жұмыс істейтіндердің 48%-ы әйелдер. Тау-кен өнеркәсібіндегі қыз-келіншектің үлесі 19%. Олардың 26 %-ға жуығы металлургия саласында жүр және әйелдердің басым бөлігі «Қазақмыс» компаниясында жұмыс істейді. Қызметкерлердің айтуынша, Қазақмыс компаниясы өз жұмысшыларын қолдап, олардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Жезқазған қаласында «Берекелі отбасы» жобасын іске асырмақшы.
Динара Жарқынбек