Қазақстандықтардың белгілі бір бөлігі декларация тапсырудан босатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтардың белгілі бір бөлігі декларация тапсырудан босатылады

19.11.2024

Қазақстандықтар келесі жылы жалпыға бірдей декларацияны тапсырмайды. Премьер-Министр Олжас Бектенов 1-ші қаңтардан бастап жеке табысы туралы есеп беруі тиіс 8 миллион адамды бұл міндеттен босату туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдады. Яғни, жеке тұлғалар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер жеке деректерін көрсетуге міндетті емес. Мұндай шешім барлық ақпараттық жүйенің бүгінде цифрландырылуымен байланысты. Мәди Тәкиевтің сөзінше, халықтың табысы мен мүлкі туралы мәліметті ортақ базадан онсыз да көруге болады. Десе де, шет елде жылжымайтын мүлкі бар, бір жылдық шығыны 74 млн теңгеден асатын және салық төлейтін азаматтар, мемлекеттік лауазымды қызметке үміткерлер декларация тапсырудан босатылмайды. Жалпы декларацияның алғашқы үш кезеңінде 4 миллионнан астам адам есеп берген. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Олжас Бектенов тиісті құжатты әзірлеу үшін министрлер кабинетіне 3 күн уақыт берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы Қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын. 

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу