Атырау облысында Жем өзені тереңдетіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында Жем өзені тереңдетіліп жатыр

19.11.2024

Жем өзені тереңдетіліп жатыр. Көктемгі алапат тасқында Атырау облысындағы Жылыой ауданына жайылған су Жем өзені мен Құрсай өзегінен тасыды. Мұғалжар тауынан бастау алатын арналар бұған дейін мүлдем тереңдетілмеген. Биыл жауаптылар жұмысты ерте бастады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Ұзындығы 48 шақырым Жем өзені бойында дәл осындай 12 арал пайда болған. Бұл судың теңізге әрмен қарай ағып кетуіне кедергі болып тұр. Енді мердігер мекеменің мақсаты – осы жерлерді тазартып, қазып тереңдігін 2 метрге дейін жеткізу.

Жем мен Құрсай өзендерінің табаны бұрын-соңды мүлдем тазаланбаған. Биылғы тосыннан келген нөпір су біраз адамға сабақ болды. Сондықтан тасқынға тосқын жасап, арналардың жағасын бекітіп, түбін тереңдету жұмыстары қазірден басталып кетті.

Сабыржан Орманов, учаске басшысы:

Ені 70 метр болады. Қабақ жасаймыз. Оны 45 градусқа дейін биіктетеміз. Екінші жұмыс - жағаны бекіту. Бұйырса, 1 сәуірге дейін осы Жем арнасын тазалап, аршып қоюымыз керек.

Аумақта 100-ден аса адам мен 70 шақты техника бар. Қазір Жем бойынша 7 шақырым аумақ толық тереңдетілді. Бір жақсысы жұмыс қыста да жалғаса бермек. Ал ұзындығы 46 шақырым болатын Құрсай өзенінде жұмыстар толық аяқталды. Су деңгейін бақылауда ұстайтын қондырғы да қалпына келтірілген.

Ернар Қадырбай, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:

Құрсай өзеніне қарай бөлінетін жерде гидрошлюз бар. Ол қалаға қарай керекті суды ашып-жауып жіберіп тұрады. Су толық жеткеннен кейін кері жабылады. Қалған су өз арнасымен Жем өзенімен аға беретін болады.

Бұдан бөлек аймақта тасқын алдында соғылған 590 шақырым бөгет облыстың меншігіне алынды. Көктемге дейін аталған бөгеттің сапасы тексеріліп, осал тұстары нығайтылады. Сондай-ақ Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасы да қосымша тереңдетіліп жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу