Қазақстан ағылшын тілін меңгерген елдер тізімінің соңында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан ағылшын тілін меңгерген елдер тізімінің соңында тұр

18.11.2024

Қазақстан ағылшын тілін меңгерген 116 елдің ішінде 103 орында, былтырғымен салыстырғанда тек бір сатыға көтерілген. Education First халықаралық компаниясының биылғы рейтингі осы. Мұндай көрсеткішке не себеп? Қазақстан тізімде неге төмен тұр? Әріптесім анықтап көрді.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Ағылшын тілін меңгерген елдердің тізімі жыл сайын жаңарады. Зерттеу арнайы сынақ нәтижесіне негізделген.

Биыл тестілеуге 116 елден 2 миллионнан астам ересек адам қатысқан. Халықаралық тілді ең жақсы меңгерген елдердің көшін 636 ұпай көрсеткішімен Нидерланд бастады. Кейнгі орындарда Норвегия, Сингапур және Швеция тұр. Қазақстан бұл тізімде 103-орында. Ал рейтинг соңында Кот-д’Ивуар, Сомали және Йемен тұр.

Зерттеу жүргізген орталықтың кеңсесі Қазақстанда да бар. Арнайы емтиханды биыл 35 000 қазақстандық тапсырған. Ағылшын тілін меңгеру бойынша елдің орташа индексі 700 мүмкін ұпайдан 427 балл. Бұл көрсеткіш «өте төмен» деген баға алды.

Дмитрий Федоров, ТМД елдері бойынша EF директоры:

Өкінішке қарай, бұл - ТМД елдері арасындағы төменгі рейтингтердің бірі. 26-35 жас аралығындағы адамдар ағылшын тілін жастарға қарағанда жақсырақ меңгерген. Яғни, қазіргі таңда университеттердің халықаралық деңгейде жұмыс істеуге дайын мамандарды даярлап жатқанын айту қиын.

Шет тілін меңгеру деңгейі тікелей білім беру жүйесіне байланысты және мұндай көрсеткішке бірнеше себеп бар. Гарвард университетінде білім саласындағы өзгерістер мен инновация жолдарын зерттеп жүрген Әсел Амангелдінің пайымы осы.

Әсел Амангелді, Гарвард университетінің «білім басқару» бағдарламасының магистранты:

Педагогикалық дағдылардан бөлек, менің ойымша, біз мұғалімдерді осындай IELTS, TOEFL сияқты емтихандарды тапсыруға міндеттеуіміз керек. Мәдени, басқа да біздің өзгешеліктерімізді қамти отырып, балаларға басқа да оқулық жасалыну керек. Білім саласындағы өзгерістер соңғы жылдары маған ұнайды. Дұрыс бағытта келе жатырмыз.

Ағылшын тілі мұғалімдеріне сертификаттаудан өту міндеттелмегені рас. Алайда, болашақ ұстаздарға Еуропалық стандарттағы әдістеме ұсынылған, әрі білім беру стандарты бекітілген, дейді Жоғары білім министрлігінің өкілі.

Қарлығаш Қалыбекқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы:

Ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдерін даярлау цифр технологиясы бойынша жүзеге асырылады. Ол Еуропалық шет тілін оқытудың біріктірілген стандарты. Ағылшын тілі, шет тілінің мұғалімдерін даярлайтын жоғары оқу орындары үшін С1 деңгейінде білім беру бекітілген.

Ал, зерттеу сарапшысының пікірінше, рейтингте жоғары орын алған елдер ағылшын тілін оқытуға бұрыннан басымдық берген.

Кейт Белл, EF бағалау бөлімінің басшысы:

Бұл рейтингте жоғары орын иеленген 1950 жылдардан бастап ағылшын тілін екінші тіл ретінде оқыған. Сондықтан, Қазақстанды бұл елдермен салыстыру қиын. Өйткені Қазақстан, қателеспесем, ағылшын тілін оқытуды 20-30 жыл бұрын ғана бастаған. Сол үшін де, бұл сұрақтың жауабы уақыт еншісінде болуы мүмкін.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Соңғы 4 жыл ішінде шет тілі мұғалімдерін даярлау бағдарламасына бөлінген грант саны 40 пайызға көбейген. Елде халықаралық тілді оқытуға сұраныс артқанымен, статистика көңіл көншітпейді. Төрт жыл ішінде Қазақстан ағылшын тілін меңгерген елдер қатарында 96-шы орыннан 103-ші орынға түскен.


Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу