Бибігүл Төлегенова 95 жылдық мерейтойын атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бибігүл Төлегенова 95 жылдық мерейтойын атап өтті

18.11.2024

Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова биыл 95 жасқа толады. Мерейтойға орай Астана жұртшылығы теңдессіз кешке куә болды. Аты аңызға айналған өнер майталманының шәкірттері мен үзеңгілес әріптестері Астана Опера театрының төрін ән мен күйге бөледі.

Ал тоқсанның торқасына шыққан тұлғаның өзі бұл жолы көрермен қатарынан табылды. Кеш Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар» жарқын көрінісімен басталды. Іле-шала Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевтың мәнерлеп оқуындағы Фариза Оңғарсынованың «Бибігүл – ән» өлеңімен өрнектелді.

Ғибратты ғұмыр иесінің тұнық үнін талай буын тыңдап өсті. Ұлт мақтанышы Бибігүл Ахметқызы 70 жылдан астам сахнаның сәнін келтірді. Біртуар бұлбұл әншінің ән қоржынында қазақтың халық әндерімен қатар әлемдік музыка жауһарлары көптеп кездеседі. Соның бірқатары осы кеште шырқалды. Концерт алдында Бибігүл Төлегенова жуналистерге арнайы сұхбаттасып, ақ батасын берді.

Бибігүл Төлегенова - КСРО халық әртісі, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері:

Ең бірінші халық менің даусымды радиодан естіді. Жиырма жасымда сол радиоға түсіп. Содан кейін енді бірте-бірте Құрманғазы оркестрімен, өзім жеке концерттеріммен шығып жүрдім. Қазір енді Құдайға шүкір 95 жасқа келдім. «Еңбек етіп жас шақта, білім алсаң, бақ орнайды басыңа нардай шөккен» дейді. Шөккен нардай, құдайға шүкір, бақытым – өзімнің мәдениетім. Даусымның арқасында халықтың алдында сыйлы құрметті адам болып отырмын. 

Қаракөз Тұрмағанбет 

Хабарламаларға жазылу