Перизат Қайрат екі айға қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Перизат Қайрат екі айға қамауға алынды

17.11.2024

Қаржы мониторингі агенттігі «Біз біргеміз Қазақстан» қайырымдылық қоры құрылтайшыларының бірі Перизат Қайраттың екі айға қамалғанын хабарлады.

 «Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді», – деген жұмадағы ақпаратта. Агенттіктің хабарлауынша, қайырымдылықтың негізгі бөлігін қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдаланған.

Биыл көктемде ол 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алған. Осы соңғы пунктке орай жұрт 39 млн тұратын неғылған «Haval» деп жатыр.

Осы кезеңде Астанада жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын премиум санаттағы тұрғын үй кешендерінен тұрақ орындарын қоса алғанда, сондай-ақ, коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған.

Сонымен қатар қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Дубай, Доха, Лондон және Стамбулда бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталар жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған, – дейді агенттік.

Агенттік кеше тағы бір хабар таратты - Перизат Қайратқа қатысты тағы бір айып тағылған. 1,5 млрд теңгеден бөлек, Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған қаржыдан 200 млн теңге жымқырды деген күдікке ілініпті. Бұл ақпарда да қымбат пәтер, сүліктей көлік, бағалы киім алғаны жазылған.

«Мың жерден жылпос пысықай болса да жалғыз өзі істемеген шығар» дейді жұрт. Оның әлеуметтік желідегі бір-бірімен онша қабыспайтын параллель өміріне тоқталып, дипломының шын екеніне, түрлі жерде қызмет қылғанына күмән келтіріп жатыр.

Блогерлерге, басқаларға сыйлық жасап жүретінін айтады. Шешімді сот шығарады. Анығы – мұндай кейс қайырымдылыққа ақша аударатын адамдардың сенімін жоғалтады. Ең жаманы – сол.

Заң бойынша қорлар есептерін жариялап отырулары керек. Бірақ соны істей қоймайды. «Шрек» мультфильмінде мысықтың бейкүнә түр жасайтыны бар ғой, олар сөйтеді.


Хабарламаларға жазылу