Қазақстан Президенті Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Президенті Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитіне қатысты

17.11.2024

Бакуде өткен СOP29 Дүниежүзілік климат саммитіне қатыстқан біздің Президенттің көп кездесуі болды. Тіпті келісімдер жасады.

Әзербайжан және Өзбекстан мемлекет басшыларымен бірігіп үш елдің энергетикалық жүйесін интеграциялау жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойды. Жасыл энергияны өндіру және жеткізу саласын қамтиды. Құжат Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады.

Ал Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдағанда «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы бойынша қаржылық және техникалық келісімнің бірінші фазасына қол қойылғанын айтты. Аталған жоба Қазақстанның 7 облысында 8 су қоймасы мен жалпы ұзындығы 3450 шақырым болатын 115 каналды, 1 қарсы реттегішті салуға және жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің аграрлық саласында 332 мың гектардан астам алқапты сумен үздіксіз қамтамасыз етеді.

Осы қабылдауда қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Келісім сомасы 1 миллиард доллардан асады. Сондай-ақ 3,5 миллион доллар көлемінде грант беріледі.

Сөйтіп Бакудегі климат саммитінде сөз сөйлеп, әріптестермен кездесіп, пікір алысып ғана қайтпады. 1 млрд доллардан асатын келісім хатталды. Су шаруашылығындағы қордаланған проблемаларды ойласақ, бұл «дұрыс болған екен» деп мақұлдай бас изейтін әрекет.


Хабарламаларға жазылу