Елімізде жылқы шаруашылығы институты құрылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші Форумында осылай деді. Қазір елімізде жылқы саны өсіп келеді. Енді оны асылдандыру жұмыстарына баса мән берілмек.
Жалпы жиынға Қазақстанның барлық өңірінен ауыл шаруашылығы мамандары, кәсіпкерлер келген. Президент ауыл шаруашылығының барлық секторына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарды жіліктеп берді. Саланы дамытудың 6 негізгі басымдығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Отандық өнімдеріміздің сапасы жоғары, көбі экспортқа шығарылып жатыр. Бұл – зор жетістік. Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!
Оңғар Алпысбайұлы