Қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат 1,5 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат 1,5 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

14.11.2024

Су тасқынына жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған. Волонтер әрі қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат осындай күдікке ілінді.

Танымал блогер қазір қамауда. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ол халықтан жинаған ақшаға шетелдегі қымбат қонақ үйлерде демалған. Қайырымдылықтан түскен ақшаның көбін қымбат көліктер мен жылжымайтын мүліктерді сатып алуға жұмсаған. Мәселен, биыл көктемде Перизат Қайрат 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Хавэйл» сатып алған. Сондай-ақ Астанадан жалпы сомасы 600 млн теңгені құраған премиум санаттағы бірнеше үйді сатып алған.

Ал бұқарадан қайырымдылыққа деп жинаған қаржыны өз қалтасына басу үшін достары мен туыстарына 8 пайыздық сыйақы беру арқылы қылмыстық схеманы жүзеге асырған. Қорға түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. 

Осылайша, Перизат Қайрат заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған деп есептейді агенттік.


Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу