24 қараша күні Астанада арқан тартыстан республикалық ашық турнир өтеді. «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде болатын бәсекеге 18 жасқа толған кез келген адам қатыса алады. Әр командада кемі 8 ойыншы болуы тиіс. Ерлер екі салмақ дәрежесінде, ал әйелдер бір салмақ бойынша өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың жүлде қоры - 3 млн теңге. Сайыстың мақсаты - ұлттық ойынды бұқаралық спорт түріне айналдырып, кәсіби деңгейге көтеру, - дейді ұйымдастырушылар.
Рауан Қайырбаев, Арқан тартыс федерациясының өкілі, аға жаттықтырушы:
Дәстүрлі арқан тартыс мерекелерде, Наурыздың арқасында ғана ұлттық ойын ретінде дамып келеді. Ал жалпы әлемде бұл спорт жоғары дамыған. Әлем чемпионаттары өтеді. Кәсіби деңгейге жету үшін біз қазір бұқаралық спортты дамытуымыз керек.
Биыл жыл басында елімізде Арқан тартыс федерациясы құрылғанын айта кетейік. Бұл бағыт тек бізде емес, әлемнің 75 елінде ресми тіркеліп, кеңінен дамып келеді. Арқан тартысты спорт түрінде Халықаралық Олимпиада комитеті де таныған.
Қаракөз Тұрмағанбет