Таразда жыл басынан бері жоғары оқу орындары шетелдік азаматтарға жалған құжаттар жасап келген. Өңірге жұмыс істеу мақсатында келген мигранттар оқу орнына қатысы болмаса да «университет және колледж студенті» атанған. «Бізде білім алады» деген анықтаманы заңсыз бергендер қатарында Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті бар. Аймақтағы маңдай алды мемлекеттік оқу орны 19 мигрантқа құжат рәсімдеген.
Бұдан бөлек бірнеше колледждің 6 адамға анықтама бергені анықталды. Бұл тілдей құжат шетелдіктерге бір жыл бойы Таразда тіркеуде тұруға мүмкіндік береді. Олардың дені – Өзбекстан мен Түрікменстан азаматтары. Ал заңсыз іспен айналысқан университет қызметкері бір ай бұрын жұмыстан шығып кеткен. Бірақ прокурорлар күдікті жазадан құтылмайды деп отыр. Олқылыққа жол бергендер қатарында облыстық көші-қон полициясы да бар. Олар әкімшілік құқық бұзған 180 шетелдікке ешқандай шара қолданбаған. Елден шығарып, айыппұл салумен айналыспаған миграция мамандарына жаза қолдану қарастырылуда.
Асылхан Әбітбеков, Тараз қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:
Шетел азаматтары Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылды. Жалған құжат жасаған адам қазіргі уақытта анықталды. Оның қылмысты жалғыз өзі немесе топпен жасағаны белгісіз. Қылмыстық кодекстің 385-бабы, 1-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Санкцияға сәйкес, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Данияр Әлімқұл