Енді «Сергек» камерасы көліктің түтінін де бақылайтын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді «Сергек» камерасы көліктің түтінін де бақылайтын болады

14.11.2024

Жыл басынан елімізде 22 мың жол апаты тіркелген. Салдарынан 25 мың адам жарақат алып, 2 мың адам көз жұмған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлады. Олардың айтуынша, биыл 10 айда 25 мың көлік жүргізуші куәлігінен айырылып, ереже бұзған 400 мың жаяу айыппұл арқалаған. Жалпы биылғы жолдағы оқиғалардың саны былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскен.

Қайсар Сұлтанбаев, ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Жолдағы адам шығыны, апаттың негізгі 3 түріне байланысты. Біріншісі автокөліктердің бетпе-бет соқтығысуында. Екінші, жаяу жүргіншілерді қағып кету. Үшінші аударылу. Апаттың осы үш түрінің негізгі себебі ол – жылдамдықты арттыру.

Айта кету керек, биыл болған көлік апаттарының 70 пайызы бейнебақылау камералары арқылы анықталған. Бүгінде еліміздің көшелерінде 1 миллион 300 мыңнан астам камера бар. Бірақ соның 25 мыңы ғана жылдамдықты өлшейді. Енді оларға жаңа тетік енгізілмекші. Оған сай «Сергектер» көліктен шығатын түтіннің яғни, улы газдың мөлшерін бақылайды. Ол жақын арада пилоттық жоба ретінде іске қосылады.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу