Легионерлер мемлекет есебінен қаржыландырылмайтын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Легионерлер мемлекет есебінен қаржыландырылмайтын болды

13.11.2024

Қазақстанның атынан ойындарға қатысып, миллиондаған айлық алатын легионерлер мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылмайтын болды. Бүгін Мәжілісте арнайы заң жобасы қаралды. Жалпы құжат спорт саласын басқару формасын толық өзгертуді көздейді. Қомақты қаржы тек Қазақстанның атын халықаралық дәрежеде көтеруге үлес қосып отырған бағыттарға ғана беріледі. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтады.

Елімізде спортқа бөлінетін қаржының есебіне жету қиын екені бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Айналыспақ түгіл атын естімеген спорт түрлері бюджеттен ақша сорып жатыр, - дейді депутаттар.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақстанның спорт саласында логикаға сәйкес келмейтін қадамдар мен шешімдер өте көп. Сол қадамдардың біреуі осы Туризм және спорт министрлігінің Қазақстанда 180 спорт түрін тіркеуі. Мысал үшін айтып кетейік. Пенчак силак, биатл, тиатл, петант, текбол, унифайт деген ешкім білмейтін спорт түрлерін тіркеп, оны бюджеттен қаржыландырудың қажеті қанша деген сұрақ туады.

Мысалы Ұлыбританияда 15 спорт түрі ресми тіркелген. Өзбекстан мен Германияда 17 спорт түрі тіркелген. Ал Қазақстанда 180 спорт түрі бюджеттен қаржыландырылып отыр. Жаңа заң бұндай бассыздықты толық шектейді.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

Заң жобасы аясында жоғары жетістіктер түріне жататын спорт түрлерін нақты шектеу ұсынылады. Бұл дегеніміз, олимпиада, паралимпиада, суроолимпиада, Азия және Параазия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлері, сондай-ақ біздің ұлттық спорт түрлері.

Осылайша бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлері 180-нен 60-қа дейін 3 есе қысқартылмақ. Келесі мәселе – қымбат легионерлер. Өз елінде негізгі құрамаға ене алмай, Қазақстаннан атақ, абырой, ақша іздеп келгендерге де тықыр таянды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

"Барыс" хоккей клубын мысал ретінде келтірейін. 2023-24 жылғы олардың жалақысы бәрімізді таңдай қақтырды. Канададан алдырған Эдуард Паскуаль және Алекс Гранд бонустарды есептемегенде 323 және 288 млн теңге айлық алған. Мұның барлығы халықтың есебінен төленіп отыр.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Оларға келген кезде үкімет ақшаны да үйіп төкті. Азаматтықты да жылдам әрі тез алып берді. Бірақ осы Париж Олимпиадасының алдында Қазақстанның азаматтығын алып алған 2 бірдей теннисші ең айтулы, ең маңызды сәтте жарысқа қатысудан бас тартқанын да білеміз. Бұл елдің наразылығын тудырды.

Жаңа құжатқа сай енді өзге елдердің азаматтары бюджет есебінен айлық алмайды. Оларды спорт клубтары мен демеушілер ғана қаржыландырады. Ал үнемделген ақша бұқаралық спортты дамытуға, ел бойынша спорт сарайлары мен алаңдарды жаңғыртуға жұмсалмақ. Заң жобасында мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына барынша жағдай жасау тетіктері де қарастырылған. Құжат бүгін бірінші оқылымда мақұлданды.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу