Енді елде баланың болашағы үшін «Келешек» жүйесі пайда болуы мүмкін. Ол арқылы ата-ана балаларының оқуына ақша жинай алады. Мәжіліс бүгін осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Десе де, кей депутаттар бағдарламаның тиімділігіне күмән келтірді. Айя Мүтәлі толықтырады.
Әр ата-ана кез келген банк немесе сақтандыру компаниясында баласының атына шот аша алады. Ал мемлекет бюджеттен әр баланың шотына 221 мың теңге біржолғы бастапқы капитал аударады. Жетім балалар үшін - 443 мың теңге. Десе де, алғашқы жарна бәріне бірдей берілмейді.
Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары:
Заң қабылданған кезде алты, жеті және одан да көп жастағы балалар үшін бастапқы капитал көзделмейді. Ол тек 5 жасқа дейінгі балаларға қарастырылған.
Шот ашқан ата-ана үшін талап бар. Олар ай сайын кемі 1 АЕК көлемінде жарна төлеп отыруы тиіс. Сонда банк 12-13 пайыз, мемлекет 5-7 пайыз мөлшерде сыйақы беріп отырады. Осылайша, 18 жыл бойы баланың шотында кемі 3,5 млн теңге жинақталады. Алайда, депутаттар оқу ақысының жылдан жылға қымбаттап жатқанын, бұл соманың жеткіліксіз болатынын айтып отыр.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бәрібір түсініксіз моменттер бар деп есептеймін. Бізде қазірдің ұлттық университеттерде бір жылдық оқу ақысы млн-нан асып кетті. Жыл сайын 15-20 пайызға ол өсіп жатыр.
Вице-министр сол үшін ата-анаға ай сайын көбірек жарна аударып отыруға кеңес береді.
Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары:
Бұл бағдарлама білімді қаржыландырудың негізгі көзі емес. Біз модельдеп көрдік. Егер 1 АЕК-тен жинап отырса, бала 18-ге толғанша 3,6 млн теңгеден астам қаражат, 2 АЕК-тен жинаса, 8 млн теңгеге жуық, 5 АЕК-тен жинаса 10 млнт теңге қаражат жинақталады.
Ал ата-ана жарна аудару талабын бұзса, мемлекеттен берілген бастапқы капитал бюджетке автоматты түрде қайтарылады. Жинақты Қазақстандағы ғана емес, шетелдегі колледждер мен университеттерде білім алуға жұмсауға болады. Ал егер бала мемлекеттік грантты жеңіп, тегін оқыса, бұл қаражатқа баспана сатып алуға болады. Ол үшін Ұлттық қордан аударылған шотпен қаражатты біріктіру қажет.
Айя Мүтәлі