Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері маңызды стратегиялық келісімге қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері маңызды стратегиялық келісімге қол қойды

13.11.2024

Бакуде өтіп жатқан Дүниежүзілік климат саммитінде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері үш елдің энергетикалық жүйесін интеграциялау жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойды. Оған сай, Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады. Бұл елімізге не береді? Келісімнің мақсаты қандай? Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Бауырлас әрі стратегиялық серіктес елдер осылайша тағы бір бағыт бойынша ықпалдастығын нығайтты. Енді Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан өзара жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы серіктестер атанды. Мемлекет басшысы үшжақты келісімді айтулы оқиғаға балады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінің үшжақты ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең. Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады.
Мемлекет басшысының айтуынша, көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін Қазақстан үшін жасыл энергетика маңызды бағыт саналады. Оған еліміздің шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдері айқын дәлел.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бүгін қабылданған келісім үш мемлекет арасындағы бауырластық қатынастар мен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
Орталық Азия мен Кавказ өңірі көптеген мәселе бойынша, соның ішінде «жасыл» энергияны дамыту саласында бірлесіп әрекет етеді. Біз қайта жаңғыртылатын энергия көздері бағытында Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды жоспарлары мен қол жеткізген жетістіктері жайында жақсы білеміз.
Өзбекстан Президентінің пікірінше, бүгінгі келісім экономикалық мақсатты ғана көздемейді, бұл – болашаққа қосылған ортақ үлес.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Аталған жобаның экологиялық маңызын ерекше атап өткім келеді. Желден, күннен алынатын қуат климаттың жұмсаруына әсер етеді. Осы арқылы біз Париж келісімі аясында климатты қорғау жөнінде бірлескен күш-жігерге қолдау білдіріп, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге атсалысамыз.
Айта кету керек бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан «жасыл» энергетика экспорты бойынша бірлескен кәсіпорын дайындау туралы уағдаласқан еді. Мақсат – Еуропаға «жасыл» энергия экспорттау. Айта кету керек, іс-шарада Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Сауд Арабиясының Энергетика министрлері де Жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы ынтымақтастық туралы атқарушы бағдарламаға қол қойды.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу