Елімізде көліктерді онлайн техникалық байқаудан өткізетін алаяқтардың саны азаймай тұр. Олар түрлі әлеуметтік желілерге хабарландыру жариялап, көлік иелерін сансоқтырып жүр. Техникалық тексеру операторларының республикалық қауымдастығы төрағасы осылай дейді. Жалған құжат қалай жасалады? Қауымдастық өкілін тындасақ.
Михаил Будянский, техникалық тексеру операторларының республикалық қауымдастығының төрағасы:
Онлайн техникалық байқауды көбіне сақтандыру агенттіктері жасайды. Оларға көліктің суреті мен құжаттарын берсеңіз жеткілікті. Word қосымшасында жасалған, автокөліктің суреті мен нөмір көрсетілген диагностикалық картаны аласыз. Бұл дайын шаблон. Олар PDF форматында сақталған диагностикалық картаны қолтаңбасыз, мөрсіз береді. Жүргізуші жол полициясы қызметкері тоқтатқанда ғана, бұл диагностикалық карта техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде жоқ екенін біліп жатады.
Техникалық байқау орталықтарына талап күшейеді
Ал Көлік министрлігінің өкілдері осы уақытқа дейін, қашықтан жұмыс істеген 350 оператордың жұмысы тоқтатылғанын жеткізді. Қазір заңсыздықпен күресу үшін барлық орталыққа бақылау камералары орнатылыпты. Келесі жылдан бастап техникалық байқау орталықтарын ашатын кәсіпкерлерге рұқсат алу міндеттеледі. Сондай-ақ, қарашаның соңында арнайы жұмыс тобы құрылып, мониторинг жүргізіледі, дейді министрлік өкілі.
Қанат Қалмағанбетов, ҚР Көлік Министрлігі автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің басқарма басшысының міндетін атқарушы:
Бұл жұмыс тобы диагностикалық карталарды бақылып, соларға мониторинг жүргізу арқылы қаншалықты техникалық байқау сапалы өткенін тексеріп отырады. Егер де автокөліктер техникалық байқау орталықтарына келіп тежегіш стендтеріне мінбей, қондырғыларды пайдаланбай жай ғана өтетін болса, бұл операторларға біз айыппұл саламыз. Егер де екі рет қайталанатын болса, оларды жүйеден үзіп тастау қолданылады.
Ал айыппұл көлемі бірінші қаңтардан бастап өседі. Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30-100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қазір заңға қайшы әрекеттерге жол бергендерге қолданыстағы заң бойынша 5-30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Асылбек Данияр