Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауылының тұрғындары жаңадан тартылған су құбырының игілігін көре алмай келеді. Биыл елді мекенге орталықтандырылған желі жеткізілген. Алайда көпшілік тіршілік нәріне жарымай отыр. Қысым өте төмен болғандықтан, крандағы су сыздықтап қана ағады. Ал тұрғындардың кейбірі құбырды үйге кіргізу мақсатында мердігер компания өкіліне ақша жинап беріп, кейін пысықай кәсіпкерді таба алмай қалған.
Дұрыс жуына алмаймыз да, осылай ағып тұрады су. Кран ашық тұр, мінеки, «аристонды» қоса алмай отыр. Міне, ыстық су ақты, мұздай су жоқ.
Алмас Қыдырәлиев үйіне су құбырын тартқызу үшін қыруар ақша төлеген. Кейін несие рәсімдеп, 2 млн теңгеге санитарлық бөлме жасаған. Алайда қызығын көре алмай отырғанына налиды.
Алмас Қыдырәлиев, ауыл тұрғыны:
Халықтың жартысы үйлеріне су кіргізбеген әлі. Ол кіргізгесін қалай болатынын білмейміз. Содан қорқып отырмыз, су болмай қала ма деп. Әкім келіп бір қараған жоқ. Не болып жатыр деп. Жағдайы бар кісілер бар, жағдайы жоқтар бар.
Айыртау ауылында 150-ден астам шаңырақ бар. 60 отбасы қосымша ақша төлеп, үйлеріне су құбырын тартқызған. Салдарынан қуаты төмен сорғының күші жетпей жатыр дейді тұрғындар.
Надежда Зарудская, ауыл тұрғыны:
Су желісін үйге дейін тарту үшін 180 мың теңге төледік. Ақшаны алғаннан кейін кәсіпкерді қайта көрмедік. Құбырды ас үйге дейін тартқан болды. Алайда ол іске қосылмаған болып шықты. Жөндеу үшін тағы шығындану керек.
Елді мекенде Надежда Зарудская сынды 10 отбасы сан соғып қалған. Қазір көпшілік суды ескі құдықтан тасып ішіп отыр.
Эльмира Кәленова, тілші:
Тұрғындар игілігін толық көріп үлгермеген құбырлар осылай жарылып жатыр. Су желісі аудандық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағында. Алайда жауапты мекеме ақауды жоюға асығар емес.
Ұзындығы 21 шақырымнан асатын су құбырын тартуға 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ауылдық округ әкімі жаңа нысанды өз қарамағына алатын лицензиясы бар компания табылмай жатқанын айтады.
Ермек Қасымғалиев, ауылдық округ әкімі:
Техника керек, есептегіш құралдарын қою керек, төлемді алу керек. Кез келген адам ала алмайды. Лицензиясы бар компаниямен қазір келіссөздер жүріп жатыр.
Өңірде 200-ден астам ауыл ауыз сумен қамтылмаған. Тұрғындар тіршілік нәрін көршілес елді мекендерден тасып ішуге мәжбүр.
Эльмира Кәленова