Оралда бұдан былай саяжай аумағынан жер берілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бұдан былай саяжай аумағынан жер берілмейді

11.11.2024

Оралда бұдан былай саяжай аумағынан жер берілмейді. Тек былтыр өзен жайылмасынан 30 жер телімінің заңсыз берілгені анықталды. Бұл - тексерістің басы ғана. Қазір тасқыннан бүлінген 2,5 мың үй бұзылып, жер учаскесі мемлекетке қайтарылып жатыр.

Үш ай суда тұрып, қаңқасы қалған үйлер қаңырап тұр. Адам аяғы сирек. Иелері жаңа қонысқа көшіп, тек керек құрылыс материалдарын алған. Қалғаны сүріліп, жері қоқыстан тазартылып, тегістеліп жатыр. Межелі 2500 маусымдық мекеннің жартысына жуығы әкімдік меншігіне өткен.

Данияр Есімбеков, қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы:

Қазіргі таңда 35 мердігер мекеме жұмыс істеуде. Саяжай аумағынан шыққан қоқыс қалдықтары Зачаган аумағындағы қоқыс полигонына тасылуда. Мердігер смета бойынша жұмыс істейді. Фундаментін алады және септикті көміп, бірыңғай тегістеп кетеді.

Бұл - облыс бас прокурорының ақпары. 2011 жылы өңірде Деркөл өзені тасып, үш мыңдай үй суға кетті. Алайда, жергілікті билік одан сабақ алмады. Жайылмадан жер беруді жалғастырды. 2015 жылы су жолында, сай-сайлада «Нұрлы жол» сияқты жаңа серіктестіктер пайда болды. Салдарынан биыл тасқында саяжайдағы 10 мыңнан аса тұрғын үй-күйсіз қалды.

Асылан Жанатауов, облыстық прокуратура басқармасының бастығы:

Орал қаласының әкімдігі уәкілетті органның келісімінсіз су қорғау аумақтарында тұрғын үй және коммерциялық нысандар салу үшін, 30 жер учаскесін бергені анықталды. Алайда осындай фактілерге қайталанып жол беру нәтижесінде биылғы су тасқыны салдарынан көптеген саяжай, елді мекендер суға кетті.

Құзырлы органдар тексерісті жалғастырады. Енді саяжайлардан жер берілмейді. Қазір тек қалада 177 бау-бақша серіктестігі тіркелген. 20 мыңнан аса жер телімі бар. Әкімдік болашақта саяжайдағы иесі бар, бірақ құрылысы жоқ, қараусыз қалған учаскелерді де өтемақы төлеп, қайтарып алуға ниетті.

Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:

Алдағы уақытта саяжайдан жер телімдері берілмейді. Әрине, халқымызды жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл - баға өсіміне де әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта ірі кәсіпорындарға арендалық негізде бағбандықпен айналысу үшін берілуі мүмкін. Бұл - ертеңгі сұрақ. Бүгінгі басты мақсат - жер телімдерін мемлекет теңгеріміне алып, олардың санатын өзгертіп, мемлекет меншігінде қалдыру.

Негізі 2027 жылға дейін өзен маңынан жер беруге мораторий жарияланған. Алайда заңды белден басқандар айласын асырған. Қолдан-қолға сатып, пайда тапқандар да бар. Енді олар жазаланады. Биыл тасқын салдарынан тек Орал қаласында мемлекетке 70 млрд теңге шығын келді.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу