Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы төлемеу туралы ойлайды екен. Жұрттың «қалай, қалай?» дейтінін сезіп, бірден бұл ұсыныс, заң әзірлеп жатқан жоқпыз деді.
Сондықтан зейнетке шыққан + еңбек етіп жүрген азаматтар жалақысын да, әлеуметтік төлемін де әзір ала береді. Ұсынысты жариялаған министр С.Жақыпованың келтірген басты аргументі – жастар арасындағы жұмыссыздықты жою.
Бұл ұсынысты қоғам «иә, таразылайтын дүние» деген жоқ. Зейнетақы жетсе, адам жұмыс істей ме? – деді. Бұл – бір. Екіншіден, елімізде білікті маман тапшы. Депутаттар да «тоқтай тұрыңыз» дегенге келтірді. Депутат Айдос Сарымның пікірінше, бұл ұсыныс еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік беретін Конституцияға қайшы. Сондай-ақ, А. Сарым да республикада қай салада да білікті маман тапшы екенін айтты.
Иә, жастардың жұмыссыздар армиясына қосылмауы өте маңызды. Түрлі инструмент, тәсіл ойластырылады, ол – дұрыс. Бірақ жаңа айтып тұрған екі мәселе – зейнетақының аздығы мен білікті маманның тапшылығын ескерсек және ең бастысы - сіңген тердің - еңбектің өтеуін төлемеу, жұмсартып айтқанда жеңілтек шешім. Бұл тақырыпты алда біз талдаймыз.