Әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту керек. Депутат Қарақат Әбден Мәжіліс қабырғасында Премьер-Министрге осындай ұсыныс жасады. Депутаттың бұл бастамасы қоғамда қызу талқыға түсті. Әйелдер қауымы қолдап, қоғам белсенділері қоштап жатыр. Дегенмен, жұмыс беруші мен қызметкер арасында дау тумай ма? Сала сарапшыларымен тілшіміз тілдесіп қайтты.
Астаналық тұрғын, 2 баланың анасы Насихат Болысбек декреттік демалыста. Ол жұмысқа орналасқысы келеді. Бірақ, қай жерге барса да, жұмыс уақыты қолайсыз. Мектепке медбике болып орналасқанымен таңнан кешке дейін жұмыста отыруым міндет болды дейді. Жұмыс сағаты қысқарса көптеген келіншектің жүгі азаяр еді деп есептейді.
Насихат Болысбек, қала тұрғыны:
Мен айлық қанша болады деп сұрадым. 150 мың теңге деді.
Көптің көкейінде жүрген ойды депутат Қарақат Әбден Мәжіліс қабырғасында көтеріп, Премьер-министрге әйелдердің жұмыс күнін қысқарту туралы ұсыныс айтты. Бұл отбасы институтын нығайтуға ықпал етеді деді. Сондай-ақ, бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы алуды 2 жылға ұзартуды сұрады.
Қарақат Әбден, ҚР Парлаементі Мәжілісінің депутаты:
Скандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Сондай-ақ, оларды қолдау ретінде ақылы декреттік демалыс мерзімін 2 жылға дейін ұзарту керек.
Депутаттың бұл сауалын қолдамайтындар арасында келіншектер де жоқ емес. Жас ана Әдемі Өмірбек қанша жұмыс істеу керек екенін-әр әйелдің өз еркіне салуды жөн көрді. Себебі, жұмыс берушілер сағатына қарай жалақыны қысқартуы мүмкін. Сондай-ақ, оларға да аз жұмыс істейтін қызметкер керек болмай, әйелдер жұмыссыз қалу қаупі бар деп есептейді. Оған қоса, қазіргі заманда бала-шағаның қажеттілігін толық қамту үшін бір жұмыстың өзі де аздық ететінін айтты.
Әдемі Өмірбек, қала тұрғыны:
Болашақта отбасылы әйелдерді жұмысқа алмау қаупі бар. Әйел адам дамыған сайын балаға жақсы тәрбие бере алады.
Ал, экономистер мұндай алаңдаушылыққа негіз жоқ дейді. Жұмыспен қамтушылар бастапқыда түсініспеушілік танытуы мүмкін. Бірақ, қазір жұмыс сағаты емес, сапасы маңызды. Қыз-келіншектер 5-6 сағатта өз міндеттерін тап-тұйнақ ете алады. Ал, сапалы еңбек үшін толық жалақы бекітіп, оны заңмен бақылау керек деді. Мемлекетке оң әсерін тигізбесе, ешқандай шығын келтірмейтін бастама деп отыр.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Жұмыс берушілердің барлығы бірдей талап болу керек. Біз уақыт санынан аз жұмыс істейді деп әйелдерге сұраныс азайып кетпеуі керек.
Еңбек сағаты расымен қысқарса, қоғамда біршама оң өзгеріс орнауы мүмкін. Әлеуметтанушылардың пайымынша, бүгінгі таңда әйел мойнына артып қойған жүк көп. 8-9 сағаттық жұмыс, бала тәрбиесі, үй шаруасы және т.б көптеген міндеттер қыз-келіншектерді эмоционалды тұрақсыздыққа әкеп жатады дейді. Әрбір әйелде азда болсын бос уақыты болса, үйде береке орнап, бала көңілі тоқ боп, ерлі-зайыптының бір-біріне сыйластығы артады деп есептейді.
Жұлдыз Сембина, әлеуметтанушы:
Елімізде 4 млн 370 мың адам жұмыс басты болып саналды, бұл жұмысбасты халықтың 48 пайызын құрайды. Әйелдер 8 сағат жұмыста өткізсе, 6 сағатты уйдегі жұмысқа жұмсайды.
Сарапшылар да, қалың жұрт та бұл бастаманы құптап отыр. Дегенмен, еңбек сағатын азайту мәселесі әзірше тек ұсыныс.
Динара Жарқынбек