Бүгін – Мемлекеттік статистика күні. Аталған саланың негізі осыдан 104 жыл бұрын қаланған еді. Сандар мен деректерді бір арнаға тоғыстырып, елдің дамуы мен халықтың жағдайынан хабар беретін саланың бүгінгі жай-күйі қалай? Төл мерекесін тойлап жатқан мамандармен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тілдесіп қайтты.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Қазақстан халықының саны - 20 миллионнан асты. Қазақстан халық саны жағынан әлемде – 64 орында. Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы қазақ жерінен табылған. Мұнай қоры бойынша Қазақстан әлемдегі 15 жетекші елдің қатарына кіреді. Қазір біз осындай қызықты деректер мен маңызды статистика жинақталатын орынға келдік. Яғни, Ұлттық статистика бюросындамыз.
Халық саны, азық-түлік бағасы, инфляцияға қатысты статистикадан тартып, ең көп қойылатын есімдер, туу көрсеткіші, ең егде азаматтар саны сынды қызықты деректердің барлығын осы отырған мамандар жинақтайды. Жұмыс ауыр, әрі жауапкершілігі мол. Өйткені елдегі сан саланың даму барысы мен алдағы бағдарын анықтайтын бұл қызметте қателік кешірілмейді.
Жазира Маратқызы, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі ұлттық статистика бюросының ресми өкілі:
Сандардан ешкім қателеспейді. Бізде ондай құқық жоқ. Біздің дерегіміз нақты әрі уақытылы шығуы керек. Бір дерек шыққан соң, оны бір адам емес, оншақты адам тексеріп шығады. Бір жерде логикалық түрде сәйкес болмай тұрса, біз респондентке немесе әкімшілікке хабарласып, үнемі сәйкестендіріп тексеріп отырамыз.
Мамандар деректерді үш жолмен алады. Біріншісі - респонденттер. Олар жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалар. Екінші - министрліктер, әкімдіктер және түрлі басқармалар. Ал, үшіншісі - зерттеу әдісі. Яғни, бюро қызметкерлері зерттеу жүргізеді. Айта кету керек, мемлекеттік статистика саласына биыл 104 жыл толып отыр. Тәуелсіздік алған жылдары жеке агенттік, одан кейін Ұлттық экономика министрлігінің құрамында комитет болған бұл мекеме төрт жыл бұрын бюро болып жасақталды. Бюро құрамында бүгінде 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Нұрсұлтан Тілектес