Астанада жаяу жүргіншілер жоқтығының кесірінен жақында қыз баланы автобус қағып кетті. Жолға шығуға мәжбүр болған марқұмды автобус жүргізушісі байқамай қалған. Қайғылы оқиғадан кейін автобус паркі қандай сабақ алды? Астанада жаяу жүргіншілерге жағдай жасалған ба? Толығырақ тілшіміз Динара Жарқынбек тарқатады.
Жақында Астанада автобус жүргізушісі 22 жастағы бойжеткенді қағып, жүргінші оқиға орнында тіл тартпай кетті. Марқұмның жақындары оқиға болған жерде жаяу жүретіндерге жол да, жолақ та болмағанын айтады. Бойжеткен құрылыс жүріп жатқан лай жерді айналып өтемін деп өмірімен қоштасты.
Анастасия Кан, марқұмның әпкесі:
Сіңілім үйге жаяу бара жатқан. Автобус қағып кеткен соң, есін жимастан көз жұмды. Қоғамдық көлік мыжып өткен. Бұл жерге белгілер орнатылса, мұндай жағдай болмас па еді? Құрылыс жүріп жатқанымен, адам өтетін орын болу керек. Жаяу жүргіншілерге арналған жер қалмады. Әкімдік мұны бақылауға алуы тиіс.
Динара Жарқынбек, тілші:
Бағдаршамнан өтіп, арғы бетке шыққаннан кейін жаяу жүргінші жүретін жол жоқ. Көріп тұрғандарыңыздай, Тұрғын үйлердің маңы шалшық, батпақ. Жол жоқ. Жүргіншілер амалсыздан көлік жүретін жолдың жиегімен жүріп, айналып өтуіне тура келеді. Ал қараңғы түссе, жүргізуші де, жаяу жүргінші де бір-бірін байқамай қалуы мүмкін. Осы жердегі адам өлімінен кейін тұрғындар жолдан өтуге қорқып қалған. Әсіресе балалары үшін алаңдайды.
«Полицейлер қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр» деді.
Әсет Сүлейменов, Астана қаласы ПД анықтау басқармасы бастығының орынбасары:
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде біз көлік басқармасына жол-көлік оқиғаларының туындауына немесе жасауына ықпал ететін мән-жайларды жою туралы ұсыным жіберетін боламыз.
Қоғамдық көлікке жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, 68 жастағы автобус жүргізушісі қараңғыда жолда кетіп бара жатқан қызды көрмей қалған. Осы оқиғадан кейін қоғамдық көлік тізгіндейтіндердің жасын 65-ке қысқарту туралы ұсынысын жауапты органдарға жібердік дейді. Ал әкімдік өкілдері қайғылы оқиға болған аумаққа уақытша жаяу жүргіншілерге арналған жол саламыз деп отыр.
Бауыржан Күмісбеков, Астана қаласы әкімдігі көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:
Қазіргі таңда сол құрылыс компаниясымен бірігіп инетртті материалдан жаяу жүргіншілерге уақытша жол төсемін қарастырып жатырмыз.
Құрылысы тоқтамайтын Астанада жаяу жүргінші жолының жоқтығына тұрғындар жиі шағымданады дейді шенеуніктер. Елордада 20-дан астам жерге тротуар мен жарық, бағдаршам орнатылмаған.
Динара Жарқынбек