Атақты апорт брендінен айырылып қалуымыз мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атақты апорт брендінен айырылып қалуымыз мүмкін

07.11.2024

Атақты алматылық апорт брендінен айырылып қалуымыз мүмкін. Осылай деген шаруалар мегаполис аумағындағы бақтардың оталып жатқанына алаңдаулы. Мәселен прокуратура бір ай бұрын 800 гектардан асатын алма баққа иелік ететін фермердің үстінен меншік құқығынан айыру туралы сотқа арыз түсірген. Ең үлкен бақ мемлекет меншігіне өтсе, ондағы апорттың жағдайы не болады, - дейді алма өсірушілер.

Иван Сергеев 20 жылдан бері алматылық апорт пен басқа да алма сорттарын өсірумен айналысады. Шаруа өздеріне тиесілі аумаққа бір де бір құрылыс жүргізбегенін, заңға қайшы әрекет жасамағанын айтады. Керісінше тұмса табиғатты сақтап, осы жерге көз тіккендерді жолатпай отырмыз, - дейді.

Иван Сергеев, шаруа:

Біздің маңайымыздың бәріне үй салынып, құрылыс жүріп жатыр. Іле-Алатау паркіне жақындап қалды. Мыңдаған гектар алма ағашы жыл сайын оталып бітті. Қазір біз тұрған жерде ғана мақтанышпен айтатын апорт өседі. Ертең мемлекет меншігіне қайтарылса, бақтың болашағы не болады? Біз соған алаңдаймыз.

Шаруаның сөзінше, қазір Ерменсай шағын ауданы кеңейіп, осы баққа жақындап қалған. Ал ғалымдар соңғы 20 жылда жеміс көлемі кішірейіп, дәмі мен иіс сапасы да төмендегенін айтады. Түсі де солғын тартқан.

Жанна Исина, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

Апорт негізінен теңіз деңгейінен 950-1250 метр аралықта жақсы өседі және өнім береді. Иісі де, дәмі де ерекше болады. Өкінішке орай Алматының осы аумағында соңғы 15-20 жылда апорт ағашы жаппай оталып, орнына үйлер салынып кетті. Оған қоса Италия, Сербия және Польшадан жетізілген алма ағаштарының көшеттері де зиянын тигізді. Яғни сол көшеттермен келген түрлі бактериялық және вирустық ауруларға шалдықты.

Жекеменшік компания 885 гектар жерге меншік құқығын 2004 жылғы алған. 2015 жылы бұл жер 820 гектарға дейін азайтылыпты. Прокуратура жерді қайтарып алуды осы аумақта ағып жатқан өзенмен байланыстырады.

Учаске аумағынан Кереңқұлақ өзені мен Берқара бұлағы ағып өтеді. Бұл жерлер Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі қаулы шығарған кезде қолданыста болған Жер кодексінің 132, 133-баптарына сәйкес су қорының жерлері болып саналады және тек мемлекеттік меншікке жатады.
Алматы қаласының прокуратурасы

Алма бақтың иесі Ремизов сайынан Әл-Фараби даңғылына дейін созылып жатқан өзен бойына элиталық үйлер салынып кеткенін айтады. Алайда прокуратура тарапынан оларға еш сұрақ туындамай отырғаны таң қалдырады.

Қуан Нұрақын, тілші:

Бұл – Алматының іргесіндегі ең ірі апорт бағы. Шаруалар жыл сайын 200 гектар аумақтан 100 тоннаға жуық өнім жинайды екен. Мысалы менің қолымдағы мына әр апорттың салмағы 500-600 грамм тартады. Шаруалар осы қазақстандық брендтің жойылып кету қаупіне алаңдайды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу