Камала Харрис сайлауда жеңілгенін мойындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Камала Харрис сайлауда жеңілгенін мойындады

07.11.2024

Дональд Трампқа президент билігі бейбіт түрде беріледі. Бүгін сайлауда жеңілгенін мойындаған Камала Харрис осылай деп мәлімдеді. Бірақ, АҚШ вице-президенті күрес мұнымен тоқтамайтынын да меңзеді. 

Дональд Трамптың сайлауда жеңіске жеткені кеше айқын болса да Камала Харрис үнсіз қалған еді. Саяси этика бойынша жеңілген тарап бірінші болып жеңімпазды құттықтауы тиіс. Бірақ Харристтің пікір білдірмей әрекетсіз қалуы көпке ұнаймай, сын айтушылар көбейген. Араға бірнеше сағат салып барып жақтаушыларының алдына шыққан вице-президент сайлауда жолы болмағанын мойындауға мәжбүр болды.

Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:

«Қазір бәріңіз эмоция үстінде тұрғандарыңызды түсінемін. Бірақ біз сайлаудың нәтижесін қабылдауға тиіспіз. Мен Президент Трамппен сөйлесіп, жеңісімен құттықтадым. Сондай-ақ оған және оның командасына билікті бейбіт жолмен берумен айналысатынымызды айттым. Американдық демократияның іргелі принципі – біз сайлауда жеңілсек оны қабылдаймыз. Бұл принцип, демократияны монархиядан немесе тираниядан ажыратады. Ал қоғамдық сенімге ұмтылған кез келген адам оны құрметтеуге тиіс.»

Қазір әлі екі штатта дауыстарды санау жүріп жатыр. Дегенмен бұл өңірлерде де Трамп алда келеді. Сарапшылар экс-президенттің айқын басымдық танытуына саяси науқан кезінде экономика мен миграция мәселелеріне ден қойғаны себеп болды деп санайды. Осы арқылы ол жас сайлаушылар мен ақ нәсілді орта буын өкілдерінің сеніміне ие болған.

Назан Дашле, Демократиялық губернаторлар қауымдастығының бұрынғы атқарушы директоры:

«Бұл сайлауда негізгі үш проблема назарда болды: экономика, иммиграция және елеусіз деңгейде аборт жасату мәселесі. Біз осы үш мәселенің біреуінде ғана жеңіске жеттік. Иммиграция немесе экономика жайын сөз қылмадық. Демократия талқысына көп уақыт жұмсадық. Бірақ демократия американдықтардың көпшілігін алаңдататын басты мәселе болмай шықты».

Республикалық партия Президенттік билікпен қатар Сенатты да бақылауына алды. Енді Конгрестің өкілдер палатасындағы мандаттарға талас жүріп жатыр. Алайда, республикашылдар оны да құзырында ұстап қаларына сенімді. Демек бұл Трампқа өзі уәде еткендей АҚШ бизнесіне салықтық жеңілдіктер жасап, Қытаймен сауда соғысын жалғастыруға және Мексикамен арадағы қоршау құрылысын қайта бастап, иммигранттарды бұрын соңды болмаған жаппай депортация жасауына үлкен мүмкіндік бермек.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу