Ал, бала асырап алғандарға мемлекет ай сайын ақша төлейді. Ол үшін жетім қалған ұл-қыздарды өз қамқорлығына алатын арнайы ата-аналар даярланбақ. Бүгін Мәжілісте түзетулер мен өзгерістер енгізілген заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Оған сай әке-шеше қамқорлығынсыз қалған балаларды сәбилер не балалары үйіне емес, арнайы даярлықтан өткен ата-аналарға тапсыру көзделіп отыр. Олар баланы 6 ай асырап, тәрбие беруге міндетті.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Егер әке-шешесі болмаса туыстарын тауып алып, туыстарына беруі керек. Егер туыстары болмаса басқа асыраушыға беруге болады.
Сондай-ақ, төменгі палата отырысында әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынылды. Депутат – Қарақат Әбден бұл тұрғыдан Скандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйену керек деген пікірде. Оның айтуынша, мұндай өзгеріс әйелдердің отбасына көбірек көңіл бөлуіне септігін тигізеді.
Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту арқылы біз оның отбасына, әсіресе бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береміз. Сондай-ақ ақылы декреттік демалыстың мерзімін 2 жылға дейін ұзартуды ұсынамын, өйткені балабақшалар баланы екі жастан қабылдайды. Оған қоса әйелдерді жұмыс орнында кемсітуден қорғайтын құқықтық шараларды күшейтуді ұсынамын.
Нұрсұлтан Тілектес