Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы берілмеуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы осындай. Десе де, әзірге бүған қатысты заң жобасы әзірленбеген. Үкіметпен арнайы келісім жоқ. Сондықтан қазір зейнетке шықса да, еңбек етіп жүрген азаматтар жалақысын да, әлеуметтік төлемін де ала береді.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Қазір біз өзіміз болжамдарды жасап, еңбек нарығын қарастырып отырмыз. Еңбек нарығында биыл 300 мың-дай жас адам шықты. Оларға жұмыс орындары керек. Сондықтан, сарапшылар осындай ұсыныстар беріп отыр.
Министрдің бұл мәлімдемесін Мәжіліс депутаттары сынға алды. Айдос Сарымның пікірінше, қоғамда алаңдаушылық тудырған бұл ұсыныс еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік беретін Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы. Жастарға арналған жұмыс орны мәселесін зейнет жасындағы маманды жұмыстан босату арқылы шешу қисынсыз. Себебі қазіргі таңда Қазақстанда қай салада да білікті маман тапшы, - деді Айдос Сарым өзінің депутаттық сауалында.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әрбір Қазақстан азаматы зейнеткерлік жасқа жеткенде де адал еңбек етуге құқылы. Олай болмаса, кәсіби мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа санаттағы мамандардың тапшылығына байланысты мәселені қалай шешеміз? Министр ұсынған бастама ұрпақтар арасында алауыздық тудырып, зейнеткерлерді жастарға қарсы қояды. Қоғамда әлеуметтік шиеленіс тудыратын мұндай мәлімдемелерден аулақ болуға шақырамын.
Айя Мүтәлі
Қаракөз Тұрмағанбет