Келесі жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың тізімі жаңартылады. Үй сатып алғандар мен ипотека рәсімдегендер кезектен шығарылады. Ал, тұрғындар баспана алуға кезекті жергілікті әкімдік емес тікелей «Отбасы банк» реттейді. Мұның ерекшелігі не? Қай санаттағы азаматтар үшін баспаналы болу мүмкіндігі жоғары? Әріптесім Асылбек Данияр сауалдарға жауап іздеді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 650 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Оның 253 мыңы әлеуметтік осал топқа жатады. Өзгертілген заңға сай, 13 санат 8-ге қысқарды. Сәйкесінше, осы топқа жататындар бірдей басымдыққа ие болады.
Заң қабылданғаннан кейін бұл санаттарға жататын адамдардың кезегі тезірек жылжиды. Тиісінше, жыл сайын тапсырылатын үйлердің 70 пайызы осы азаматтарға үлестіріледі. Бұдан бөлек, азаматтар 2017 жылдан бері сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлерді жекешелендіріп ала алады. Статистика бойынша елімізде мұндай 56 мың жан бар.
Қарахан Қаби, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы:
Заң күшіне енгеннен кейін, яғни Президент қол қойған 10 күннен кейін, осындай үйде тұрып жатқан азаматтар жекешелендіру бойынша, арызбен әкімдіктерге жүгініп, әрі қарай жекешелендіру шарты арқылы тұрғын үйді өз аттарына ауыстырып алады. Жекешелендіру шарттары өзгеріссіз қалды. Қолданыстағы механизм, яғни 10 жылға дейін ешқандай пайызсыз бөліп төлеуге алуға болады.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтар ғана пәтерді жекешелендіре алады. Егер, негізгі жалға алушы қайтыс болса, баспана әкімдікке өтпейді. Оны туыстары өз атына рәсімдей алады. Ал, конкурс арқылы үй алғандар мерзім аяқталған соң пәтерді босатуы керек. Сонымен бірге, апаттық жағдайда деп танылған үйлерде тұрып жатқан азаматтар да үйін жекешелендіре алады.
Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:
Қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес, 1 және 2 топтағы мүгедектер коммуналдық тұрғын үйді тегін жекешелендіре алады. Одан басқа, заң жобасы аясында мүгедектегі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және 1-2-ші топтағы мүгедектегі бар адамдарға бірінші кезекте тұрғын үй беру қарастырылған.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады
Банк заңға Президент қол қойған соң 6 айдан кейін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құруды жоспарлап отыр. Баспана кезегіне қою, кезектің сақталуын қадағалау, кезектегілерге тұрғын үй үлестіру жұмыстары осы орталық жүргізеді.
Дария Бәтенова, «Отбасы банк» АҚ орталық филиал директорының орынбасары:
Үй алғысы келген азамат өзі өтінім бере алады. Ол өтінім онлайн түрде қабылданады. Ең бір ерекшелігі - біз қазір бүгінгі күнде «Отбасы банк» 8 дереккөз базасымен жұмыс істеп жатырмыз. Онда бірден өтінім берген кезде азамат тексеріледі. Оның мүлігі бар ма, жоқ па және қандай кірісі бар, активі бар барлығы тексерілетін болады.
Сондай-ақ «Отбасы банкке» Ұлттық даму институты мәртебесі беріледі. Қазір «Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Президенттің қол қоюында жатыр.
Асылбек Данияр