Қазақстанда экологиялық таза авиаотын өндіріледі. Бұл туралы Алматыда өткен «Жасыл әуежайлар» атты семинар барысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты. Оның сөзінше, қазір Еуроодақ ұшақтарға қолданылатын жанармайға қойылатын талаптарды қатаңдатып жатыр. Мәселен 2028 жылдан бастап елімізден Еуропаға қатынайтын әуе компанияларына экологиялық таза авиаотынды пайдалану міндеттелмек. Осыған орай Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жоба әзірленіп жатыр. «Бізде жанармай өндірісі үшін барлық жағдай бар, осылайша халықаралық стандарттарға көшеміз», - деді вице-министр.
Талғат Ластаев, Көлік вице-министрі:
2028 жылдан бастап Еуропа Одағы тек қана жанамайдың бір бөлігімен пайдаланатын авиакомпанияларды сол Еуропа одағының аспанына кіргізеді. «ҚазМұнайГаз-Аэро» деген өнеркәсіп халықаралық банктермен бірігіп, өндіріс жасау үшін жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ семинар барысында Алматы әуежайының халықаралық талаптарға сай жөнделуі үшін қанша қаражат құйылатыны айтылды. Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Көсенің сөзінше, бұл бағытта кем дегенде 100 млн доллар инвестиция салынбақ. Әуежай алдағы жылдары толық жөнделіп, жолаушылар үшін барлық жағдай жасалады, - деді Гокер Көсе.
Гокер Көсе, Алматы халықаралық әуежайының президенті:
Қазір біз инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы төрт жылда Алматы әуежайын ретке келтіріп, халықаралық деңгейге сай қыламыз. Келер жылдың соңына дейін ұшып-қону жолағы, қолданыстағы перронды жөндеуді аяқтаймыз. Барлық жерде модернизация жүргізіледі.
Жазира Оразқызы