Әлем көз тіккен Америкадағы Президент сайлауы мәресіне жетті. Міне өздеріңіз көріп тұрғандай, соңғы мәліметтер бойынша 267 дауысы бар Трамп 224 дауыс жинаған Харристен алда келеді. Бірақ қай кандидаттың басым түскені екі ойлы штаттардағы дауыстарды санау қорытындысына тікелей байланысты болмақ. Ал The New York Times басылымының болжамынша, Дональд Трамптың президенттік сайлауда жеңу ықтималдығы 95 пайыз. Атақты басылым экс президент сайлаушылар алқасының 306 дауысын алады деп санайды. Ал өкілдер палатасының спикері Дональд Трампты сайлауда жеңіске жетті деп мәлімдеп үлгерді. Дәл қазір Трамп Палм-Бичтегі штабта жақтастарының алдында сөз сөйлеуге дайындалып жатса керек.
Жалпы жеңіске жету үшін 270 дауыс жеткілікті. Десе де бұл әзірге болжам.
Мына картадағы көрсеткіштер әлі де өзгеруі мүмкін. Себебі кейбір штаттарда бюллетеньдерді санау процесі әлі жүріп жатыр. Бір анығы Республикалық партия осы сайлауда Сенатты бақылауына алды. Кемі 51 орынды иеленді. Яғни демократтар жоғарғы палатаны бақылау құзырынан айырылды. Енді көп ұзамай Өкілдер палатасы қай партияның билігіне өтетіні белгілі болмақ.
Бұл жолғы сайлау төрт жыл бұрынғыдан өзгерек. Сексен миллионнан аса адам алдын ала таңдауын жасап үлгергеніне қарамастан сайлау учаскелерінде ұзын сонар кезек қалыптасты. Мынау біз барған сайлау учаскесіндегі таңғы уақыттағы жағдай. Халық таңдауын жасау үшін жарты сағат тіпті одан да көп уақыт күтуге мәжбүр болғандарын айтады.
Марша, Мэриланд тұрғыны:
Әдетте бұл уақытта сайлау учаскелері өте тыныш болатын. Едәуір ұзын кезекті көріп қуанып тұрмын. Халық азаматтық борыштарын өтеу үшін табандылық танытып жатыр. Мен келесі президенттің кім боларын білмеймін, бірақ кім болса да АҚШ-тың басты құндылығы саналатын демократиямыз үшін күрессе екен, деп үміттенемін.
Жаннет, Мэриланд тұрғыны:
Өте көп адам дауыс беріп жатыр. Әдетте дауыс беру он минут уақыт алатын. Бұл жолы отыз минут, жоқ қырық минут кетті.
Сайлау барысын шетелдік байқаушылар бақылады. Олардың қатарында еліміздің делегациясы да болды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бастаған қазақстандық топ алғаш рет АҚШ-тың сайлауға көмек көрсету жөніндегі комиссиясының ресми шақыруымен америкаға келді, бірқатар сайлау учаскелерін аралап көрді.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Менің байқағаным, орта буын өкілдері көп. Жастар да аз емес. Біз штаттан тыс жағдайларға куә болған жоқпыз.
Қазір әрбір штатта дауыстарды санау процесі белсенді жүріп жатыр. Кейбір өңірлер алдын ала қорытындыларын жариялап та үлгерді. Жалпы әдетте АҚШ-та президент сайлауында кім жеңгені бірнеше сағаттың ішінде белгілі болып жатады. Алайда екі ойлы штаттарда кандидаттардың айқын басымдығы болмауы себепті дауыстар қайта саналып, сайлау қорытындысы бірнеше күнге созылуы да әбден мүмкін.
Жалғас Сәдібекұлы