Мегаполис халқының 97 пайызы табиғи газбен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мегаполис халқының 97 пайызы табиғи газбен қамтылды

05.11.2024

Бүгін Шымкент қаласындағы Бозарық тұрғын алабына табиғи газ берілді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мегаполисте жыл соңына дейін тағы 10 шағын ауданның халқы осындай қуанышқа кенелгелі отыр.

Табиғи газдың келуі бұл отбасының тірлігін шуақты ете түсті. Шаһардың шеткері аумағынан жаңа үй салып қоныс аударғалы бері далаға қазан көтеріп, пешке көмір тасып жүрген-ді. Қыстыгүні суықтарда тіпті орталықтан пәтер жалдап та күнелтіп келді. Табиғи газдың арқасында бұл қиындықтың бәрі артта қалғалы тұр.

Бақтыгүл Сағынбаева, қала тұрғыны:

Жылы үйде, газдың басында тамағымызды дайындап, шайымызды қойып, асымызды пісіріп жатырмыз. Осы күнге дейінгі қиналғанымыздың барлығын ұмытамыз.

Бақтыгүл Сағынбаева секілді Бозарық тұрғын алабындағы 400-ге жуық баспана енді көгілдір отынның игілігін көрмек. Сондай-ақ биыл мегаполистегі 13 шағын ауданда табиғи газ желісінің құрылысы жүргізілді. Жыл соңына дейін оның 10 аймағында жұмыс аяқталады. Нәтижесінде қала халқының 97 пайыздан астамы газбен қамтамасыз етілмек.

Ермек Қалдығұлов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Шымкент өндірістік филиалының директоры:

Әр тұтынушының ауласына газ кіріп тұр. Олар арыз жазып, техникалық талап алса, біздің мамандар міндетті түрде келіп тексереді. Сол кезде мамандар түсіндіріп кетеді.

Келесі жылы тағы 17 шағын ауданға көгілдір отын жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың барлығы межелі уақытында аяқталса 2026 жылдан бастап шаһар аумағы тұтастай газ желісіне қосылады.


Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу