Мемлекеттік бюджетке Абай облысынан 295 млрд теңге салық түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік бюджетке Абай облысынан 295 млрд теңге салық түсті

04.11.2024

Абай облысынан биыл мемлекеттік бюджетке 295 млрд теңге салық түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,5 пайызға көп. Өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деді. Қаражаттың басым бөлігі әдеттегідей әлеуметтік салаға бағытталған. Облыстағы экономикалық көрсеткіштер қандай? Тілші тарқатады.

Облыс әкімінің есебінше әсіресе, құрылыс, өнеркәсіп, сауда және ауыл шаруашылығы саласында өсім бар. Оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – басты бағыттардың бірі. Қазір орташа жалақы 12 пайызға өсіп, 340 мың теңгеге жетті, - дейді аймақ басшысы. Баспана кезегінде тұрған 20 мың адамның да мәселесі шешіліп жатыр. Биыл 237 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2 мың отбасы баспаналы болған.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Алдағы үш жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде 7 мыңдай отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды мәселе – жылумен қамту. Биыл әбден іскерген 27 шақырымды құрайтын желі жаңарды. Оған бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлінген. Келесі жылы жылу желілерінің тозу деңгейін 57 пайызға дейін төмендету міндеті тұр. Өңір тұрғындарын әбден титықтатқан тағы бір мәселе – жол.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Ал облыстық маңызы бар жолдарды біз бірте-бірте жөндеп жатырмыз. 

Өңірде инвестиция тарту бойынша кешенді жоспар әзірленген. 2028 жылға дейін жалпы құны 2 трлн теңге болатын 23 ірі жоба іске аспақ. Көбі – тау-кен және ауыл шаруашылығы салаларында. Бұл арқылы 7 мың адам жұмыспен қамтылады.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Семейде 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда инвестор есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Былтыр Көкпекті ауылында гемодиализ орталығын ашқанымыз туралы айттым. Биыл аталған орталықтар Үржар мен Ақсуатта ашылды.

Өңір мәдениетін дәріптеу бағытында да жобалар бар. Бұған дейін Семейде заманауи театр қажеттігі айтылған. Жуырда қаланың сол жағалауында «Конгресс-холл» салынады. Сонымен бірге 2026 жылы облыс орталығында 12,5 мың орындық стадион ашылады.



Хабарламаларға жазылу