Шымкентте бірнеше кәсіпорын ауаға жылына 500 тоннадан астам қалдық шығарады. Оның мөлшерін мейілінше азайту мақсатында ірі үш зауыттың мұржасына мониторинг жасайтын автоматтандырылған қондырғы орнатылды. Құрылғы ауаға таралатын улы заттың мөлшерін қадағалайды. Газдың физикалық параметрін анықтап, химиялық құрамын көрсетеді. Шамадан тыс ластану анықталса, бірден белгі береді. Оны мемлекеттік қадағалау органдары тексеріп тұрады.
Жалпы Шымкент қаласында экологияға әсері бар I санаттағы объектілерге «Стандартцемент», «Шымкентцемент», «Үшінші жылуэнергоорталық» және мұнай өңдеу зауыты жатады. Жыл басында олардың барлығына мониторинг жасайтын автоматтандырылған қондырғы орнату міндеттелген. Әзірге мұнай өңдеу кәсіпорны бұл талапты орындауға асығатын емес. Экология департаменті мұнай зауытындағы өзге де кемшілікті анықтап, 45 миллион теңгеге жуық айыппұл салған.
Сабыр Балбек, экология Департаменті басшысының орынбасары:
Егер белгіленген шектен асатын болса, ондай фактілер тіркелсе, осы кәсіпорындарды тексеруге негіз болып саналады. Яғни алдағы уақытта заң бұзушылықты жою туралы шаралар, әкімшілік жауапкершіліктер қаралатын болады.
Ғани Қалмаханов