Астаналықтар алдағы 10 күн бойы Қытай кинематография саласының туындыларын тегін тамашалай алады. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шара бүгін салтанатты түрде «Қазмедиа» орталығында ашылды. Оған отандық әртістермен бірде, «Оскар» сыйлығының иегері, продюсер және кинорежиссер Джеки Чан қатысты.
Бұл - атақты Қытай әртісінің Астанаға ғана емес, жалпы, Қазақстанға алғаш келуі. Мегажұлдыз кинофестивальге қатыспас бұрын БАҚ өкілдерімен кездесті. Журналистер бәрінен бұрын Чаннан жеткен жетістік пен атақ-даңққа қарамастан, адамдық кейіпті жоғалтпай, қарапайым болып қалудың сырын сұрады.
Журналистермен жүздесуден кейін Джеки Чан кинофестивальге қатысты. Оны күтіп алған халықта қисап жоқ. Атақты әртіс бүгін ауқымды шараның тек сыйлы қонағы емес, көпшілікке продюсер, кинорежиссер ретінде «Кунг-фу Йога» атты жаңа еңбегін ұсынды. Ән де салды. Ал, мегажұлдызға миллиардтарды мойындатқан қазақ баласы Димаш гүл ұсынып, Қытай тілінде ән шырқады.
Фестивал 18-маусымға дейін жалғасады. Шара аясында қала тұрғындары «Іле өзені», «Шынайы махаббат» пен «Гүлім» сынды кинокартиналарды тамашалай алады.
Айдана ҮСЕНБАЙ