«Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарының Сыр өңірі аумағында біраз бөлігі биыл пайдалануға беріледі. Бүгінде үш учаскіде үш қабат асфальт төселіп, көлік қозғалысы үшін ашылды. Ел үшін маңызды жоба қашан аяқталады? Аймақтағы тілшіміз Әділбек Серікұлы ауқымды жұмыстарды көзбен көріп қайтты.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Қызылорда облысының шекарасынан Бетпақдаланың азап жолы аяқталады. Әрменқарай, Сыр өңірінің орталығына дейін темір тұлпарлар мынадай тақтайдай тегіс асфальт жолмен жүйіткиді. Мердігер мекемелер бүгінде 90 шақырым жолды пайдалануға беріп отыр.
50 жылдан аса жөндеу көрмеген жолдың жайын екі қала аралығында қатынайтын жүргізушілер жақсы біледі. Жезқазған бағытынан шыққан жолаушылар Қызылорда облысы деген жазуды көргеннен көңілі жай табады. Өйткені, жаңа асфальт жолдың сапасын көлік тізгіндеген азаматтар жоғары бағалап отыр.
Серік Райымбеков, жолаушы:
Сапасы өте тамаша. Ризамыз. Егер жол бітсе шығын біраз азаяды. Сосын уақыттан да ұтамыз.
Жалпы Қызылорда мен Жезқазған аралығы 424 шақырым. Соның облыс аумағына тиесілі 192 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Үш учаскеде мердігерлер жұмысын аяқтауға жақын. Жұртшылық асыға күткен жобаны сала министрлігі ұдайы назарында ұстап отыр.
Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
Мердігер компаниялар жолды абаттандыру, асфальт төсеу сияқты жұмыстар жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 700-ге жуық адам жұмылдырылған. Жалпы жобаның аяқталу мерзімі Қызылорда облысы бойынша 2025 жыл деп есептелген.
Күре жолдың сапасына жауапты мамандар жыл басынан бері құрылыс материалы мен асфальт жабындысынан 4 мыңнан аса сынама алып, зертханалық тексеруден өткізген. Нәтижесінде, мердігер компаниялар өз қаржысы есебінен 167 миллион теңгеге анықталған кемшіліктерді қайта қалпына келтіріпті. Ен далада әлі де қызу тірлік жүріп жатыр. Өйткені, жыл соңына дейін асфальт жолдың ұзындығын 140 шақырымға жеткізу жоспарлануда.
Әділбек Серікұлы