Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері үшін «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» атты оқыту семинарлары басталды. Үш күнге жоспарланған шара Түпқараған, Мұнайлы аудандары мен Ақтау қаласында ұйымдастырылған. Семинар-тренингті ел Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия мен Винрок халықаралық институты филиалының өкілдері жүргізуде.
Жиында Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын адамдардың азаматтық әрі әлеуметтік құқығын қорғауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Семинар тыңдаушыларына құқығын сотта және соттан тыс қорғау, ұжымдық еңбек дауы кезінде өз ұстанымын заң аясында дұрыс жеткізу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:
Адамдардың көптеген қойған сұрақтары мүгедек жандардың құқықтарын қорғауға байланысты болды. Қолында баласы бар әйел адамдар көп жылдан бері балаға қарап отыр. Бірақ ертеңгі күні мен 63 жаста зейнетке шығады екенмін. Осы зейнет жасын азайту жағын қарастырсаңыздар деген орынды ұсыныс қойып жатыр.
Берік Бисенов, Мұнайлы ауданы әкімдігінің қызметкері:
Біз секілді жас мамандарға, мемлекеттік қызметшілерге өз құқығын қорғау өте ықтимал деп есептеймін. Бізге тұрғындар жайдан жай келмейді, өзінің мәселесі бойынша келеді. Сол мәселені шеше тұра заң талаптарына сәйкес, өз құқықтарын да қорғауы қажет. Біз сол жолдарын көрсетуге тиістіміз.
Аягөз Оралбайқызы