Ұлттық банк төрағасы доллардың неліктен қымбаттап жатқанын түсіндірді. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бұған бірнеше себеп бар. Негізгісі - мұнайдың арзандауы. Өткен аптада ғана баррелі 80 доллардан жоғары болған қара алтын құны қазір, 70 долларға дейін түсіп кетті. Бұл ұлттық валютамызға кері әсер етті дейді бас банкир. Тағы бір себеп - долларға сұраныстың артуы. Сүлейменовтың айтуынша, жыл соңына қарай елімізде көптеген инвестициялық жобалар іске асып жатыр. Сәйкесінше, шетел валютасына сұраныс артып, қымбаттай түскен. Десе де, теңге бүгін сәл нығайып, бір доллар 488 теңге болды. Бірақ ақша айырбастау орындарында америка валютасы 490-494 теңгеге сатылып жатыр. Ұлттық банк төрағасы жыл соңына дейін теңгенің қалай құбылатынын айтып берді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
Алғашқысы АҚШ-тағы президент сайлауы. Оны кімнің жеңіп, мұнайға қатысты қандай саясат ұстанатыны белгісіз. Ал мұнай саудасы долларға байланғанын білесіздер. Екіншісі ОПЕК+ ұйымы қандай шешім шығарады соған байланысты. Мұнай өндіруші елдер өндіріс көлемін азайтуға келіссе, мұнай қымбаттап, теңге де құнын жоғалтпайды деп ойлаймын.
Досжан Маратұлы