«Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы». Бүгін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram арнасында осылай жазба қалдырды. Сондай-ақ, бұл мәселе Мәжіліс отырысында да талқыланды. Қазақ тіліндегі анимациялық туындылардың сапасы мен саны не себепті артпай отыр? Тілші таразылап көрді.
Бүгінде балалар теледидардан гөрі, YouTube-ты көбірек таңдайды. Қазақ балалары «Көк трактор», «Маша мен Аю» сияқты мультфильмдерді тамашалап, орысша тіл сындырып жүр. Ал қазақша контент жоқ емес, бар. Бірақ, әзірге бәсекеге ере алмай отыр.
Жәнібек Оразалы, Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы:
Бір 5 минуттық дүниені жасау үшін 10-20 адам қатысады. Олардың отбасын асырау керек деген сияқты қаржылық қолдау міндетті түрде болуы керек. Ол үздіксіз шығып отыру керек. 10-20 серия дегенмен ақша таппайсыз.
Рас, анимациялық фильмді түсіру оңай іс емес. Мысалға бір секундтық бейнені көрсету үшін 24 сурет салу керек екен. Оны салатын кадр да, техникалық мүмкіндік те бізде бар. Мәселе, жүйеде болып тұр дейді мамандар.
Адай Әбілда, Қазақстанның киногерлер одағының төрағасы:
Бізге Үкіметке, Мәдениет министрлігіне қарасты жеке дара анимациялық орталық ашу керек. Сонда орталық өндіріс, дистрюбиция мәселесі бар осының бәрін ұйымның ішінде біріктіру керек. Өйткені, қазақфильмнің үлкен проблемаларының қасында, анимация соның проблемаларына ілесіп келе жатыр. Аяғымыз тұсаулы алдыға жылжимын десек. Біз Қазақфильмнің құрамында отырмыз. Бізге бөлек шығу керек.
Қазақ тілді анимациялық туындыларды көбейтудің тағы бір жолы - аударма. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баршылық.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Nickelodeon, Disney каналдарының өнімдерін қазақшаға аудардық. Бұл жерде жақсы нәтиже бар. Осы жұмысты ары қаратай жалғастырамыз.
Анимация – қымбат дүние. Мәселен, «Рапунцель» анимациялық мульткиносына 260 миллион доллар, рекордтық мөлшерде қаржы бөлінген екен. Бізде бұл мәселе енді-енді қолға алынып жатыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз.
Қазақ мультфильмі бүгін ғана бастау алған жоқ. Осыдан 55 жылдан аса уақыт бұрын Әмен Қайдаров қазақ анимациясының негізін салған. Сол «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысы әлемнің 48 елінде көрсетілген еді. Салаға қолдау қуаттала түссе, қазақ тіліндегі анимациялық туындылардың сапасы мен саны арта түсері анық.
Азамат Бейбітұлы