Қарағанды облысында жыл басынан бері есірткі тасымалымен айналысқан 125 адам ұсталған. Ең сорақысы арасында кәмелетке толмаған балалар да бар. Оң солын танымаған жеткіншектер мұндай қылмысқа қалай тап болуда? Ғасыр дертіне айналған бұл тақырыпты, өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы толықтырады.
22 жастағы Серік 4 жылдан бері түзеу мекемесінде жазасын өтеуде. 18-ге енді толған шағында әлеуметтік желі арқылы курьер болып жұмысқа тұрған. Кейін бұл ісі есірткіге қатысы барын біліп бас тартқанымен жұмыс берушілер жақындарына қастық қылатынын айтып қорқытқан. Аңғал бала алғашқы күні-ақ синтетикалық есірткімен ұсталып, сотталды.
Серік, жазасын өтеуші:
Түзеу мекемесіне түскеннен кейін байқағаным елімізде көбінесе жастар осындай іспен айналысып, сотталып жатыр. Жазалау мерзіміміз аз емес. Жастық шағымызда, керісінше жетістікке жететін шағымызды түзеу мекемесінде өткізіп жатырмыз, соған өкінемін.
Өкінішке қарай жеңіл жолмен ақша табамын, деп темір тормен қауышқандардың қарасы артқан. Жарнамасы да, әлеуметтік желі де тыйылмай тұр. Жұмыс берушілердің дені өзге елдің азаматтары. Бір синтетикалық есірткі тасымалына 2 мың теңгеден бастап ақы төлейді екен.
Данияр Жакудаев, облыстық полиция департаментінің ЕҚІБ бөлім басшысы:
Қазіргі заңнамаға сәйкес есірткі жасырушы, олардың заңсыз әрекеттері сату болып табылады. 297-бап бойынша 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Қаланың қай жеріне барсаңызда мынандай сілтемелерді көруге болады. Ақшадан қысылған аңғал жастар мұндай жарнамаға бірден алданып жатыр. Ең сорақысы мектеп пен университет айналасынан да мұндай жазуларды кездестіруге болады.
Есірткіге қарсы арнайы еріктілер тобы да құрылып, жұмысын бастаған. Олар мұндай іспен айналысатын жандарды «сатқын»,- деп атайды екен.
Мейрамбек Жексенбай, ерікті:
Өз қоғамына, айналасына жеңіл ақша үшін зиянын тигізген, улаған адамды, сатқын демегенде не дейміз. Сол үшін жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салауатты өмір салтына шақырып жүрміз.
Биылдың өзінде облыста есірткі тасымалына қатысы бар деген күдікпен 125 адам ұсталған. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған балалар да бар. Өңірде 180-ге жуық сайт бұғатталып, 12 мыңнан аса жарнама жойылған. Бірақ тамыры тереңге кеткен бұл дерттің осы жұмыспен тыйыларына кепіл жоқ.
Жандос Бақытұлы