Алматы облысының жастары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып жатыр. Олар Жамбыл ауданындағы орталық көшелерді, саябақ пен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты. Тазалық жұмыстарына 100-ден астам ерікті мен колледж студенті қатысты.
«Өңір жастары экологиялық бағдарламаларды үнемі қолдап, қоршаған ортаны қорғауға белсенді атсалысып келеді. Сондай-ақ сенбілік, экологиялық акциялар, білім беру науқандары мен еріктілерге арналған жобалардан тыс қалмайды»,- дейді облыстың Азаматтық альянс өкілдері.
Балжан Досалы, Алматы облысы Азаматтық альянсының төрағасы:
Бұл көптеген жастардың кешке өздері уақыт өткізетін жерлері. Тазалық өзімізден басталатынын жастардың бойында болғаны дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан осы аталған жоба – «Таза Қазақстан» бағдарламасы жастардың бойында үлкен патриоттық сезімін оятып жатыр. Биыл аталған жоба аясында көптеген жұмыс жүргізілді.