Павлодар облысының мемлекеттік аппаратында 400-ден аса қызметкердің орны бос тұр. Кейбір лауазымды қызметке тіпті жылға жуық басшы тағайындалмаған. Мәселен, қазір Баянауыл, Павлодар, Успенка, Ақтоғай аудандарының білім бөлімінде жетекші жоқ. Мемлекеттік қызмет саласындағы кадр мәселесін меншікті тілшіміз зерделеп көрді.
Павлодар өңірінің мемлекеттік аппаратындағы жұмыс орындарының 10 пайызы қазір бос тұр. Бірақ мемлекеттік қызметшіге мұқтажбыз деп жұмысқа шақырған жарнама көрінбейді.
Асхат Ескендіров, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы:
Павлодар облысының мемлекеттік қызметкерлерінің саны штат бойынша 4 083 бірлік. Ал нақты саны 3 659 адам. Бос орындар саны 424 бірлік немесе 10,4 пайыз.
Биылғы жылдың тоғыз айында мемлекеттік қызметті 80-нен аса адам тастап кеткен. Жұмыстан кету себептері әр қилы. Әсия Жүсіпованың еңбек өтілі 18 жыл. 14 жыл басшылық қызметте болған. Соңғы қызмет орны - Павлодар ауданы әкімшілігінің аппарат басшылығынан әкіммен тіл табыса алмай қуылдым дейді. Алты ай соттасып, қызметке әлі кіре алмай жүр. Жастардың жұмыста тұрақтамауының себебі жалақы аз, жұмыс көп дейді ол.
Әсия Жүсіпова, Павлодар ауданының экс аппарат басшысы:
Біріншіден, еңбекақы мардымсыз. Екіншіден, мемлекеттік қызметшінің міндетіне кірмейтін тапсырмаларды жүктейді. Қағазбастылық көп. Ең қиыны маманға құзыретінде жоқ тапсырмаларды орындауға мәжбүрлейді. Құлақ аспаса жұмыс істетпей қояды. Мен соның зардабын тартып жүрмін.
Кадр тұрақтамағандықтан жұмыс тұралайды. Сыбайлас жемқорлық күшейеді. Ондай басқарма мен бөлімдерден оқуды жаңа бітірген жастар түгіл тәжірибелі мамандардың өзі қашады.
Дидар Ибраев, облыстық әкімшіліктің аппарат басшысы:
Жалпы, бос орындарды айтсақ бізде бухгалтерлер, ауыл шаруашылығы, ТҮКШ, сәулет және құрылыс салаларының мамандарына тапшылық бар. Жыл басынан бастап біз 539 конкурстық рәсімдерді өткіздік. Нәтижесі бойынша 277 адам жұмысқа тағайындалды.
Қазір мемлекеттік қызметтен кету оңай, ал кіру қиындады. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап мемлекеттік қызметші болу үшін үміткер жеке қабылетін анықтауға арналған тест тапсыруы қажет. 120 сұраққа жауап беру үшін 120 минут қана уақыт беріледі. Ал аудан әкіміне кандидат бұрынғыдай екі адамнан емес, бес адамның арасынан таңдалады. Бұл мемлекеттік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін жасалып отыр.
Болат Аманбаев