«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы соңғы 5 жылда 39 млрд теңгеге 671 жобаны қаржыландырды. Ал жыл басынан бері 100-ге жуық кәсіпкерге несие берілді. Соның арқасында 3,5 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Шағын және орта кәсіпті қолдауға бағытталған игі шаралар «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.
Бұл кәсіпорын төрт жылдан бері серіппелі және ортопедиялық матрас шығарумен айналысып келеді. Бағдарлама аясында цех басшылары 298 млн теңге несие алып, темір серіппелер жасайтын арнайы қондырғы, тігін машинасын сатып алған. Бұрын шикізатты да сырттан сатып алатын. Қазір кәсіпорында матрас пен жастықты пішінге келтіріп құятын қондырғы да бар.
Нәдір Юсупов, «Cordial bedding» ЖШС директоры:
«Алматы Финанс» компаниясы бізге 7 жылға 6 пайызбен жеңілдетілген несие берді. Бағдарлама аясында өндіріске қажетті барлық қондырғыны сатып алдық. Бұрын күніне 20-30 матрас шығарушы едік, бар болғаны 10 адам жұмыс істеді. Қазір сұраныс та, мүмкіндік те артты. Алматы мен Астанадан өзіміздің дүкенімізді аштық. Нарыққа еніп жатырмыз.
Мұндағы өнімдер сапалы, бағасы қолжетімді. Кәсіпорын өнімдерін Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттауды көздеп отыр. Себебі бизнесті дамытуға арналған бағдарламаның нәтижесінде, өндірістің қуаты артқан. Кәсіпорын күніне 200-300 матрас пен жастық шығаруға қауқарлы.
Әнуар Ғабдуллин, «Алматы» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Биылға арналған несиенің максималды сомасы «Almaty Finance»-та 500 млн, Алматы микрокредиттік ұйымында 73 млн теңге болды. Кәсіпкерлер алынған қаражатты құрал-жабдық, шикізат сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға пайдаланды. Бағдарлама аясында экспортқа, денсаулық саласына бағытталған жобаларға басымдық беріледі.
Жыл соңына дейін «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Almaty Finance» және «Алматы» микрокредиттік қаржы ұйымы арқылы қаржыландырудың жалпы көлемін 43 млрд теңгеге жеткізбек. Сонымен қатар құны 4,1 млрд теңге болатын қосымша жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Айдана Қуантхан