Атырау облысында тасқыннан кейін жаға бекіту жұмыстары қайта қолға алынды. Махамбет ауданында бірнеше жыл бұрын басталған бөгеттердің құрылысы әлі аяқталар емес. Қыруар қаржы бөлінген жоба қайта түзетуден өткен. Ал мердігер мекеме барлығы уақытымен келе жатыр дегенді алға тартты.
Көктемгі тасқын кезінде Махамбет ауданының көп бөлігін су басып қалған еді. Абырой болғанда елдімекендер зардап шекпеді. Судың беті қайтқан соң жауаптылар қайта жаға бекітуге кірісті.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Технология бойынша дәл осындай габион сеткаларына тас толтырылады. Қазір мінеки бірінші қабаты толық дайын. Екінші қабаты құрастылып жатыр. Одан кейін дәл осылай бес қабат болып көтеріледі.
Леонид Сырбул, мердігер мекеме өкілі:
Содан соң біз мұның барлығын топырақпен толтырып, нығыздаймыз. Осылайша жаға бекітіледі. Өзен көтеріліп тасыған жағдайда бұл бөгет жібермей ұстап тұрады.
Махамбет ауданында салынып жатқан бөгеттің жалпы ұзындығы 4,6 шақырым. Бұған бюджеттен 16 млрд теңге бөлінген. Осыдан 3 жыл бұрын басталған жұмыс әлі де баяу жүріп жатыр. Құрылысты қадағалаушы мекеме де мұны растайды.
Талғат Нығметов, құрылысты қадағалаушы мекеменің өкілі:
Рас енді қалып келе жатқан ретіміз бар. Себебі мұндағы материалдың бәрі басқа жақтан тасымалданады. Мына тастардың өзі Ақтаудан келеді. Тордың өзі де шет елдерден келіп жатыр. Жұмыс істеліп жатыр. Бірақ оған көңіліміз толмайды.
Құрылыс жоба бойынша келер жылдың қазан айында аяқталуы тиіс. Ал бұл ақпар жобаға келе ме, келмей ме белгісіз. Өйткені тарихқа үңілсек, тасқын су екі-үш жыл қатарынан келген. Сондықтан биылғы еңбек зая кетпес үшін жұмыстарды жеделдету қажет.
Асылхан Шакимов, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Мердігер мекемеге өзіміздің тарапымыздан, әкімдік тарапынан ескертулер берілді. Хаттар жолданды. Жұмысшылар санын алдағы уақытта көбейтеді.
Бұдан бөлек Алға ауылында да дәл осындай үш шақырымнан астам бөгет тұрғызылуда. Жоба құны 7,1 млрд теңге. Шаруашылық бағытында пайдаланылатын каналдар да қайта қазылып, тазартылып жатыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт